Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

"Шетпедегі шаңнан балаларымыз ауруға шалдықты", - тұрғын

11.04.2023ж. 20:00
1001
"Шетпедегі шаңнан балаларымыз ауруға шалдықты", - тұрғын

Маңғыстаулықтардың да мұңы бар. Шетпедегі тұрғындар шаңның астында қалдық деп шағымдануда. Ауыл маңында 29 карьер бар. Олардан шаң көтеріліп, қоршаған орта мен адам денсаулығына зардабын тигізіп отыр. Мәселені мәжілісмен көтерді. Нәтижесі қандай болмақ? Аружан Серік сұрап білді.

Шетпе ауылының тұрғындары мұндай жарылысты күнде көреді. Жер қазатындар тауды қопарады, тасын май шелпекке айналдырады. Кейін оны құрылыс материалдарына пайдаланылады.

Мұның зардабын 18 мың халық тартуда. Шаңнан тұншықты. Үйлері қозғалып, қирады. Бала-шағасы ауруға шалдықты.

Нұрлыбек ҚҰЛЖАБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Негізі осындай дробилька болғаннан кейін жоғарыда өздерінің шатыры болу керек, арнайы түскен шаңды өзі сүзіп тұратын. Бірде біреуі жасалмаған. Асфальт жоқ. Ылғал жоқ, су жоқ. Үйлеріміздің қатпалдары, балшықтары түсіп қирап жатыр. Түрлі аурулар, астма бар, аллергия бар, балалардың көзі қышып.

Тасты таситын 16 тонналық ауыр жүк көліктері қара жолдың да қыртысын бұзып бітті. Ашынған халық бәрі заң талабына сай болса дейді. Жауаптылардан да үміттерін үзді.

Нұрлыбек ҚҰЛЖАБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Хатымыз да бар, арызымыз бар жазып қойған. Үш беттен құралған осының барлығы. 1000 қол жиналып тұр.

Осы арызбен тұрғындар экологиялық мәселелердің басы-қасында жүрген мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннен көмек сұраған.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сол мәселемен тұрғындар шыққан. Сонымен де қазір айналысатын боламыз. Бірнеше министрліктің басын қосып, қазір бүкіл ақпарат-материалдарын, құжаттарын жинақтап жатырмыз.

Мәжілісмен дәл осы Маңғыстау облысынан мажоритарлық жүйемен сайланған. Еділ Жаңбыршин Каспий теңізінің тартылуы, қаңғыған иттердің көбеюі, Қошқар ата ойпатына көмілген улы қалдықтарды рекультивациялауы, Жайық өзенінің айналасындағы ормандарды жою секілді мәселелерді Мәжіліс мінберінде қозғауда.

Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

8 шақырылымда өзімнің әріптестерім сенім білдіріп, экология мәселелері және табиғи пайдалану комитетіне төраға болып сайлады. Комитетте 10 депутат бар. Комитет негізінен 3 министрлікпен бірігіп, жұмыс жасайды. Экология, энергетика, төтенше жағдайларға қатысты мәселелерді біздер сол заңмен реттеу немесе басқа да өте өзекті мәселелерді қарастырамыз.

КСМ: Депутаттың негізгі мамандығы да, ғылыми жұмыстары да осы салаға қатысты. Сондықтан экологияға зиян келтіретін өндіріс орындарының жұмысын реттеуге күш салмақ.