Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"16 жылдан бері жылда қайталанады". Ақмола облысында тұтас ауыл бір айдан бері су ортасында қалып қойған

AstanaTV
12.04.2023ж. 07:53
867
"16 жылдан бері жылда қайталанады". Ақмола облысында тұтас ауыл бір айдан бері су ортасында қалып қойған

Ақмола облысында су тасқыны салдарынан Арбузинка селосы бір айға жуық уақыт адам аяғы баспайтын аралға айналған. Бұл - жылда көктемде қайталанатын жағдай. Тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне жылдар бойы жанайқайын жеткізген, бірақ ешқандай нәтижесі болмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz.

35 үй түтін түтететін ауылда бүгінде 187 адам тұрады. Ауылдың айналасын тұтастай су қоршаған, сондықтан ешқайда шығу мүмкін болмай қалған. Мектеп жасындағы көрші ауылға қатынап оқитын 30 оқушы 3 сәуірден бері сабаққа бармаған. 

Тұрғындардың айтуынша, 2007 жылдан бері ауылдың айналасын жылда су шайып кетеді. Жайылып жатқан су көлемі 150 метрден асады. 16 жыл бұрын Кеңес заманында салынған ескі көпірді мұз тас-талқан етіп бұзып кеткен. Тіпті ауыл тұрғындары арасынан 2019 жылы қайтыс болған адамды бейітке қайықпен жеткізуге мәжбүр болғандар да бар екен. Тұрғындар оқыс жағдай бола қалса, жедел жәрдем де келе алмайтынын айтады.

"Әр көктем сайын жанымызды шүберекке түйіп өмір сүреміз. Міне, бір айдан бері кәдімгідей аралда өмір сүріп жатырмыз. Жан-жағымызды түгелдей су қоршаған. 16 жылдан бері жылда қайталанатын жағдай. Су шаятынын білетіндіктен ауыл тұрғындары азық-түліктерін алдын-ала көп мөлшерде әзірлеп қояды. Бірақ ауру-сырқау бола қалған жағдайда ешқандай амал жоқ. Жедел жәрдем бізге келе алмайды. Зейнеткерлер, бала-шаға құлап, қол-аяғын сындырса немесе оқыс ауыра қалса, ешқандай қарекет жасай алмаймыз. Қайық болғанымен арыны қатты судан өту аса қауіпті. Билік жылда уәде бергенімен ешбір нәтиже жоқ. Адамның өмірі ойыншық болып тұр", - дейді Арбузинка ауылының тұрғыны Абдул Ербаев.

Тұрғындар көпір салу туралы билікке жылда айтып, хат-хабар жазғанымен үлкен көпір салудың ауылы әлі алыста сияқты. Өйткені оған қомақты бюджет қаражаты керек екен. Ал аудан әкімі оған жергілікті бюджет қаражаты көтермейтінін, үлкен көпір салу мүмкіндігі жоқ екенін ашық айтқан.

Әкімнің сөзінше, әзірге биыл жергілікті шаруа қожалықтарының қаржылай көмегімен қолда бар көпірді биіктетіп, ұзартудан басқа амал жоқ.

"Бұл ауыл - сонау 1923 жылы құрылған ескі ауылдардың бірі. Арбузка селосының екі жағынан баратын жол бар. Бірақ жылда арыны қатты өзен суды шайып кетеді. Қар көлемі әлі қалың. Дегенмен барлық азық-түлік қоры мен дәрі-дәрмек жеткізілген. Үлкен көпір салуға қаражат кемінде 1,5 миллиард теңге соманы қажет етеді. Тек жобалық-сметалық құжаттамасының өзіне кемінде 100 миллион теңге қажет болады. Оны жергілікті бюджеттің қалтасы көтермейді. Биыл жергілікті шаруа қожалықтарымен сөйлесіп, қолда бар шағын көпірді бір метрге биіктетіп, ұзартуға көмек сұрадық. Шаруа қожалықтары келісімдерін беріп отыр. Биыл осы жұмысты бастап кететін ойымыз бар. Ал үлкен көпір салу үшін республикалық бюджетке биыл тым құрығанда жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөлуін сұраймыз", - дейді Сандықтау ауданының әкімі Ербол Жүнісбеков.