Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Құрылыс компанияларына бақылау күшейеді

AstanaTV
21.09.2016ж. 20:00
2428
Құрылыс компанияларына бақылау күшейеді

Алдағы екі жыл ішінде республика бойынша 22 500 пәтер салынатын болады. Аталған шараны іске асыруға 200 миллиард теңгенің көлемінде қаражат бөлінген. Бұл туралы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемелекеттік бағдарламасы шеңберіндегі жиында айтылды.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде жалпы сомасы 140 миллиард теңгеге есептелген 13 мың пәтер салу үшін келісімшарттарға қол қойылған. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» Басқарушы директоры Қайырбек Өскенбаевтың сөзінше, бөлінген қаражаттың 67 миллиарды жергілікті әкімшіліктерге берілген. 113 миллиард теңгеге жалға берілетін және несие бойынша тұрғын үйлер салынатын болады.

Қайырбек Өскенбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры:

Ақша «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 20 жылға берілген. Сол себепті ол айналып, енді үй құрылысы бір жарым-екі жыл санылады ғой. Сол ақша қайтарып келетін болады да, қайта құрылысқа салынатын болады. 15 жылдың ішінде 200 мыңнан астам пәтер саламыз ба деп жоспарлап отырмыз.

Бұдан былай аталған холдингтің міндетіне тұрғын үй құрылысының сапасын бақылау ғана емес, процестің толық ашықтығын қадағалау кіреді. Яғни алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықты жою үшін бизнес-әрекеттер толық автоматтандырылады және жалпыға қол жетімді, ашық түрдегі портал ашылады. Сондай-ақ, биылғы жылдың оныншы қазанына дейін құрылыс салушы компаниялар тарапынан шағымдар қабылдау үшін «жедел желі» құрылатын болады.

Сәбит Өтепәлиев, «СВ Плюс» компаниясының директоры:

Құрылыс компанияларына қойылған талаптар өте қатал. Шыны керек, біз бұған дайын болған жоқпыз. Солай бола тұра, бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл уақтылы жасалған бағдарлама. Себебі мемлекеттің қаражаты қадағалауда болу керек. Бұл бәрімізді де бір жүйеге, тәртіпке салады деп ойлаймын. 

Сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген компания өкілдері күрмеуі шешілмеген сұрақтарға жауап алды. Алдағы уақытта «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік бағдарламалар шеңберіндегі тұрғын үй құрылысына бақылауды күшейтетін болады.

Саламат ОМАШ