Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Тараздық көп балалы ана алтын алқасын сатпақ

AstanaTV
21.09.2016ж. 20:00
3012
Тараздық көп балалы ана алтын алқасын сатпақ

Тараздық көп балалы ана алтын алқасын сатпақ. Шарасыздан осы қадамға баратынын айтқан Жанар Қуандықова бес күннен бері балаларымен көшеде түнеп жүр. «7 баламды жалғыз өзім жеткіздім» деген ана «Баспана алу орындалмас арманға айналды» дейді. Күздің қара суығында көшеде түнеп жүр. Бала шағасымен шырылдаған ананың жанайқайын Данияр Әлімқұл тыңдап қайтты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Ішер ас, киер киімге жарымған жалғыз басты Жанар Кувандықова, жатақхананың осы  бір бұрышында күн кешуде. Олар соңғы рет қашан адам ұқсап ас ішіп, аяқ босатқандарын білмейді. Балаларына бір үйдің босағасы бұйырмады деп талай рет биліктен баспана сұраған. Бірақ жоқ деген жаттанды жауаптан салымыз суға кетті, дейі. 

Ыдыс аяғым бәрі осы міне. Нан мен су берем. Басқа не істеймін? Міне мына жерде жатамыз.

Тамаққа тарығып, жоқшылық көрген Жанар осы жатақхана ауласында бүгін бесінші күн. Бүгінде қолында алты баласы мен бір немересі бар. Үлкен қызы тұрмыста. Кенжесі 4-ке келген. Ал мектеп жасындағы 4 баласы бес күн бойы білім ошағына бармапты.

Жанар Кувандықова, Алтын алқалы ана:

Алтын алқамды сатамын ба, қайтіп күн көремін мен? Міне, пәтер жалдап тұр едім, шығарып тастады. Жеті балам бар. Алтын алқаны кім алады? Кім алады? Міне, далада жатырмын, 5 күн болды далада жатқаныма көше қаңғырып. Ыстық ауқат жоқ. Қайта елге рахмет. Алтын алқаны сатамын, оны кім алады?  Сатамын!

Қақапаған есігім қалмады деген Жанар туыстарына да мезі болған. Қазір тек көршілері ғана көмек көрсетіп отыр.

Пернекүл Ырысқұлова, Тараз қаласының тұрғыны:

Міне, осы жатқаны. Бір апта болды. Далада жатыр. 7 баласының бар екені рас. Не там жоқ, баспанасы жоқ. Бұл бейшараның не күйейуі жоқ. Күйеуі болса, осылай жатпайды ғой. Менде тамақ беремін әйтеуір, бір мезіл шәй беремін. Одан басқа не істейміз, біздің қолымыздан не келеді?

Жергілікті билік жылағанға бере салар баспана жоқ деп отыр. Бірақ жұмыспен қамту бөлімі бірнеше рет қоғамдық жұмысқа тартыпты. Келісім-шарт уақыты біткен соң, қош айтыстық дейді. Тұрақты жұмыс тауып беруге тырысқанымен, Жанардың өзі қарсы болды дейді.

Гулбахрам Дүйсекова, Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Баспана мәселесін айтсақ, ол кісіге қазіргі таңда әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалып, Төлеби көшесінің бойындағы жатақханадан бөлме іздестіріліп жатыр. Қыстық мерзімге, уақытша болса да, беріледі.

Жауаптылар жесір әйелдің жұпыны өміріне жауап бермейміз. Әкімдік әмиянын аңдып, атқамінерлерді айыптауы орынсыз деп отыр. Бірақ, аз қамтылған отбасы ретінде үй кезегіне тіркеген. Берген уәде бойынша алдағы аптада жоқшылық көрген жанұяның бір бөлмеге болса да қолдары жетіп қалу мүмкін.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ