Ауыл
шаруашылығы саласын əртараптандыру керек. Бүгін бұл жайында ел басшысы
Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында
айтты. Онда Президент күзгі орақ науқанымен танысып, жуырда бой көтерген жаңа
спорт сарайында болды. Өңірдегі тілшіміз Абзал Құрманкин телефон арқылы
байланысқа шықты.
Солтүстік Қазақстанға ат басын тіреген президент əуелі аймақтағы орақ
науқанының барысымен танысты. Өңірде егістік алқаптарының жалпы аумағы 4 млн
375 мың гектарды құрайды. Оның шамамен 70 пайызына бидай егілсе, қалған мыңнан
астам гектары майлы дақылдар мен көкөністерге тиесілі. Биыл күн райының қолайлығына байланысты егін
ору жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде дəнді дақылдардың 80 пайызы орылған.
Елбасының айтуынша, қазір елде ауыл шаруашылығы саласы реформаланып жатыр. Енді
диқандар өз шаруашылығын диверсификациялауы тиіс. Демек, ырыс дəнін өндіріп
қана қоймай, оны өңдеуді баса назарға алуы керек. Биыл ел қазынасынан аграрлы
секторды əртараптандыруға 97 млрд теңге бөлінген.
Шаруалармен кездесуінен соң
Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан салынған спорт сарайына бас сұқты. Ғимарат жеңіл
атлетикалық манеж, мұз айдыны, велошабандоздардың залы сынды бөлімдерден
тұрады. Кешеннің жалпы ауданы шамамен 15 мың шаршы метр. Спорт сарайына олимпиада
чемпионы Александр Винокуровтың есімі берілген болатын. Ләйлә, мендегі ақпарат
осындай.
Рахмет,
студиямен байланысқан шыққан тілшіміз Абзал Құрманкин болатын.