Ал атағы жер мен көкті жарған Байқоңырдағы тіршілік туралы бұған дейін де материал бергенбіз. Оны «Бай» емес, «Қоңыр» деп атағанбыз. Қайталай берген біртүрлі деп, әйтпесе... бұл жолы «80 мың теңге мен 25 мың теңгенің айырмасы - азаматтық» деп атадық. Қызылорда облысындағы меншікті тілші Шарипа Сақтапованың репортажы.
Атағы жер мен көкті жарған Байқоңыр ғарыш кешеніне қарағанда Байқоңыр қаласының бүгінгі тіршілігі мәз емес. Тәуелсіздік алғалы бері қаланы Қазақстанмен қатар Ресей азаматтары пана етіп келеді. Ресейліктердің қасында отандастарымыздың күн көрісі ауырлау. Елдің көпшілігі айлығы молдау жұмысқа тұрып, пәтерлі болу үшін Ресей Федерациясының азаматтығын алуға мәжбүр болған. Солардың бірі Тыныштықбай Қожағұлов. Тұрақты тіркеуі бар қария кезінде пәтерін де жекешелендіріп алған. Бұл қалада ресейлік паспорттың «наны» жүреді деген ақсақал, Отанының азаматтығын алғысы келеді-ау. Десе де, отбасы қиналып қалатынын ойлап, олай істей алмайды.
Тыныштықбай Қожағұлов, еңбек ардагері, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Өзім Қазақстанға өткім келеді. Өтейің десем - менің пенсиям, қазір 80 мың алып жүрсем теңгемен, ол кезде 15-25 мың осының арасын ең төменгі ставкамен береді. Сосын біз қалай күн көреміз? Үйде адамдарым бар, бала-шағам бар, немерелерім бар.
Талғат Жүсіп, Қазақстан ғарыш саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы:
Байқоңырдағы ресейліктерге өз үкіметі тарапынан елуге жуық жеңілдіктер қарастырылған. Коммуналдық қызметтен бастап балабақшаға дейін. Жол жүру шығынын көтеріп, дәріхана өтемақыларын төлейді. Қазақстандықтар үшін ондай жеңілдіктер қарастырылмаған. Сосын экологиялық коэффициент - қырық пайыз төленеді. Бір ғарыш айлағында біздің Инфракос, КазҒарыш Сапары немесе КазКосмостың қызметкерлері Ресейдің ЦЭНКИ, Прогресс Энергия сияқты федералдық кәсіпорындар қызметкерлерімен бірдей қызметті жасайды. Ал сол еңбектері үшін жалақыны ресейлік мамандар көптеу алады.
Басыңда өзіңнің баспанаң болмаған соң мазаң да қашады. Жұмыстан қысқартылсаң болды, пәтерді босатуға тұра келеді. Байқоңырда жиырма жылдан бері бірде-бір үй, нысан салынып, пайдалануға берілмеген. Есесіне көптеген көп қабатты үйлер қаңырап, бос тұр. Талан-таражға түскен үйлерді көпшілікке реттеп берсе, дұрыс болар еді, деген жұртшылық жақсы жаңалық күтіп отыр.
Кеңшілік Күзембаев, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Мынау үйлер бос тұр мінекей. Осы үйлерді бөлінген ақшадан екі жақ болып қайтадан қалыпқа келтірсе. Ең болмаса ішкі, сыртқы есік-терезесін салып берсе, халық әрі қарай өзі жөндеп алар еді.
Талғат Жүсіп, Қазақстан ғарыш саласы қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы:
Байқоңырды жалға алғаны үшін Ресей жылына 115 миллион доллар төлеп отыр. Ол қаражаттан Байқоңыр бір тиын да көріп отырған жоқ. Оның бір бөлігі ресейлік әскери техника, оларға қосалқы бөлшектер алуға кетеді. Тым болмаса 10 миллионы Байқоңырдың әлеуметтік – экономикалық дамуына жұмсалса, тұрғындардың жағдайы жақсарар еді. Біз мұнда қазақстандық, ресейлік деп бөлінбейміз.
Ал қалада жұмыссыздық. Оған тіпті алпауыт кәсіпорындар да төтеп бере алмады. Алғашқы легіне біздің отандастарымыз ілінді. 2015 жылы Ресейдің он екі кәсіпорнында істеген 409 қазақстандық жұмысынан айырылып қалды. Күнкөріссіз қалған азаматтардың жағдайы ауырлап кетті. Қазақстан тарапы олардың тағдырына немқұрайлы қарайды дей алмаймыз. Үкіметаралық отырыста Қазақстан Байқоңырдын дамуына ат салысатынын қадап айтты.
Бақытбек Бекпанов, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы:
Жылдың соңына дейін мақсатты бағдарламалар әр сала бойынша Ресей тарапымен келісіліп, қабылданады. Соның негізінде алдағы жылы бұл шараларды қаржыландыруға қаражаттар сұралатын болады. Соңымен бірге пайдаланбай тұрған нысандарды тиімді пайдалану мақсатында Ресей тарапынан жалдан шығару жөнінде 14 нысанға ұсыныс берді. Қазіргі уақытта алыс-беріс актілері дайындалып жатыр.
Сол бос тұрған нысандарды Қазақстан тарабы кәсіпкерлікті дамытуға пайдаланбақ. Ал мақсатты бағдарламалар ішіндегі маныздысы – тұрғын үй құрылысы. Қазақстан азаматтары үшін. Одан басқа кәріз, су, жылу жүйелері жаңғыртылады. Сонымен бірге Байқоңырдағы алты мектеп пен балабақша Қазақстан білім беру стандарттарына көшті. Замануи сынып кешендері, жаңа құрал-жабдықтар. Оқушылардын жетістіктері де толымды. Бір «әттеген-айы» - мұғалімдер жалақысынан ұтылып қалды.
Жұмагүл Тілеуқабылова, Байқоңыр қаласы № 277 қазақ орта мектебінің директоры:
Біздің Қазақстан білім стандартына көшкен кезде тек жаңағы қаражатқа байланысты болып тұр. Өйткені Ресей стандартымен оқып жүргенде ол жақтың жалақысы көптеу болды. Енді бір қаланың ішінде ресейлік стандартпен де, Қазақстан білім стандартымен де оқып жатқаннан кейін осы қаладағы мұғалімдердің қазақ мектебі болсын, орыс мектебі болсын – барлығының да жалақы деңгейі бірдей болса, ешқандай кедергі болмас еді.
Медициналық көмек те жетті. Алғашқы қазақстандық аурухана ашылды. Еліміздің қаражатына салынған нысанның іске қосылуы ұзаққа созылды. Ресейлік тарап алты жыл қабылдамай, ақыры Қазақстан өткен жылы өз балансына алды. Соңғы жиырма жыл ішінде ашылған алғашқы қазақстандық аурухана - облыстық медициналық орталықтын филиалы. Байқоңырдағы ағайындармен қатар Арал, Қазалы, Кармақшы аудандарының науқастарын қабылдап, тегін қызмет көрсетеді. Науқастардың режимді қалаға кіріп-шығуларына кедергі жоқ, рұқсат қағаздары алдын-ала дайындалады. 120 орынға арналған ауруханада әзірше терапия, реабилитация, күндізгі бөлім бар. Толыққанды іске қосылғанда перзентхана, кардиология, хирургия, травматология, реанимация бөлімшілері қызмет көрсетеді. Ал жұмысқа алдымен ресейлік емханаларда қысқартуға ұшыраған қазақстандықтар қабылданды.
Айгүл Бекқадамова, Қызылорда облыстық медициналық орталығының Байқоңыр филиалының медбикесі:
Ресей ауруханасында 18 жыл жұмыс істедім. Өткен жылдың сәуірінде қысқартылдым. Осы Қазақстанның ауруханасы ашылатының естіп келдім, тәжірибиеме қарап, жұмысқа алды. Тамыз айынан бастап күндізгі бөлімшеде жұмыс жасап жатырмын.
Жаңа ауруханаға 46 жұмыссыз отандасымыз алынды. Жалпы, 252 жұмыссыз қазақстандық түрлі мекемелерге тұрғызылған. Ал Байқоңырдың болашағынан үмітті жастар, қалаларында жаңа кәсіпорындар, жоғары білім беретін ошақтар, мәдени, сауда орындары, кинотеатр ашылғанын қалайды.
Қуанышбек Абжанов, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Қаламыз өсіп, өркендесе, жаңа үйлер салынып, Астанамыз секілді керемет қалаға айналса. Әйтпесе бір орында тұрып қалған сияқтымыз.
Қырмызы Есімова, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Ресейлік қана емес, біздің, отандық кәсіпорындар ашылса. Қаламызда бос тұрған нысандар жеткілікті. Соларды дұрыс пайдаланса.
Еркебұлан Мүсімов, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Мен беделді оқу орнын бітіріп жатырмын, сондықтан ғарыш айлағында қызмет
жасағым келеді. Тағы бір арманым: аспанға қазақстандық зымырандар ұшырылса.
Арайлым Бақытқызы, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Тепе-теңдік болса. Мысалы, білім алу үшін басқа қалаларға бармасақ. Мен
өзім Алматыдан университет бітіріп келіп, жұмыссыздар қатарын толықтырдым.
Әйтеуір соңында жұмыс табылды. Бірақ мен сияқтылар жеткілікті ғой. Барлығына
жұмыс көзі болса. Жалпы қаламыздың тұрғындары б
арлығы керемет, бақытты өмір
сүрсе.
Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев, Байқоңыр, «Біздің уақыт».