Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қарағанды облысында Көкпектідегі су тасқынына кінәлі кәсіпкерге қатысты апелляциялық сот үкімі шықты

AstanaTV
26.09.2016ж. 20:00
2864
Қарағанды облысында Көкпектідегі су тасқынына кінәлі кәсіпкерге қатысты апелляциялық сот үкімі шықты

Қарағанды облысы Көкпекті ауылында болған су тасқынына кінәлі деп танылған Владимир Крючковқа қатысты сот қаулысы шықты. Бұған дейін 3 жылға сотталған кәсіпкер сотқа қайта арызданған болатын. Сот залынан аймақтағы тілшіміз Айжан Қуаш телефон арқылы байланысқа шықты. Айжан, Владимир Крючковқа қандай жаза қолданылатын болды?

Ия, Оксана. Кәсіпкер Владимир Крючков 2 жылға бостандығынан шектелді. Енді ол ойын-сауық орталықтарына баруға, сондай-ақ шекара асу құқығынан айырылды. Бірақ кәсіпкер бұл іске ешқандай кәнім жоқ деп отыр.

Рашид Нұрмағамбетов, Қарағанды облыстық апелляциялық сот алқасының төрағасы:

Владимир Крючковқа ҚР ҚК-нің 245 бабымен, яғни құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде техникалық қауіпсіздік сақтамады деген айып тағу орынсыз. Оған басқа тиісті мемлекеттік мекемелер жауапты. Сондықтан ол адам өлімі мен болған апатқа кінәлі емес. Ол тек 228 бап, яғни өкілеттіліктерін теріс пайдалану бабымен ғана айыпталады. Сот алқасы оның жеке тұлғасы мен қоғамға қауіпсіздігін де ескерді. Сондықтан Бұқар жырау аудандық сотының шешімін өзгертіп, Крючковты екі жылға бас бостандығын шектеу туралы қаулы шығарды.

3 ай бұрын Бұқар жырау аудандық соты «Табиғат ХХІ» фирмасының құрылтайшысы, Кәсіпкер Владимир Крючковты 3 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сондай-ақ, коммерциялық мекемелерді басқару құқығынан екі жылға шектеу туралы шешім шығарған еді. Сот кәсіпкерді тоғанды құжатсыз пайдаланып, бөгеттегі қақпаны дер кезінде ашпаған, құрылыс жұмыстарын жүргізгенде техникалық қауіпсіздік сақтамаған деп айыптады. Ал, Көкпекті ауылының әкімі Бақытжан Смаилов пен төтенше жағдай бөлімінің экс-басшысы Ринат Жантүлековтер, істің ұзақ уақыт бұрын болғанына байланысты, қылмыстық жауапкершіліктен толығымен босатылған еді.

Еске сала кетейін, 2014 жылы наурызда Көкпекті су қоймасындағы бөгетті ағын суға шыдас бермей бұзылып, тасқын ауылдағы 350-дей баспананы қиратып, 5 адам қаза тапқан болатын.