Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Өскеменде 2-деңгейлі ауа райының қолайсыздығы жарияланды

AstanaTV
26.09.2016ж. 20:00
2920
Өскеменде 2-деңгейлі ауа райының қолайсыздығы жарияланды

Өскемендіктер түтінге тұншығып отыр. Қалада екінші деңгейлі ауа-райының қолайсыздығы жарияланды. Бұған себеп - желдің жоқтығы. Мамандар тұрғындарға ашық жерлерде көп болмай, терезелерін жауып жүруді ескертеді.  Экологтардың айтуынша, көліктерден ауаға тарайтын зиянды газ бен металлургия кәсіпорындарының ластанған қалдықтарынан қаланы қара бұлт басқан.

Өскемен мектептерінде далада өтетін дене шынықтыру пәніне тыйым салынған. Құрылыс алаңдарында жұмыс уақытша тоқтап тұр. Экологтар мен төтенше жағдайлар департаменті алып кәсіпорындарда ешқандай апаттың болмағанын айтады. Қазіргі таңда зауыттар ауаға шығаратын газдың мөлшерін азайтқан. Экологиялық қауіпсіздік орталығының мамандары, азот пен күкірт тотығы ауаға мөлшерден тыс тарап кеткен, дейді.

Елена Полянцева, Өскемен қаласы экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы:

Ауада азот пен күкірт тотығы сияқты заттардың мөлшері көбейіп кеткен. Аталған зиянды қоспалар әсіресе металлургиялық кәсіпорындар орналасқан жерде және автокөліктер көп шоғырланған аймақтарда болады. Таңғы уақыттарда бұл қоспалардың мөлшері артып кетеді. Бұндай күндері барлық кәсіпорындар, мемлекеттік ұйымдар ескертіледі.