Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Оралдық бағбандарға базардағы сауда орындары тегін беріледі

04.05.2023ж. 20:00
994
Оралдық бағбандарға базардағы сауда орындары тегін беріледі

Оралда жергілікті бағбандарға енді сауда орындары тегін беріледі. Халықты арзан әрі табиғи өніммен қамтуды көздеген бұл жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынды. Жергілікті бағбандар баптап өсіретін көкөністер мен жеміс-жидектердің пісуіне әлі ерте. Тамылжыған тамызда ғана саяжайдан жеткен өнім ерінге тиеді. Бірақ осыған қарамастан, базардағы сауда орындары қазірдің өзінде бос емес дейді саяжай иелері. Өнімін қайда өткізерін білмей дағдарған бағбандар жергілікті билік пен партияның жасаған қамқорлығына қуанып отыр. Әрі жергілікті тұрақтандыру қоры да олардың көкөністерін сатып алатынын жеткізді. Осылайша қаладағы ірі базарлардан 80 сауда орны тегін беріледі.

Валентина ХАТЬКОВА, БАҒБАН:

Бұл ұсыныс біз үшін іздегенге сұраған болды. Енді базардан орын іздеп сабылмаймыз. Өзімізге берілген жерге бара қоямыз. Бұған дейін орын таба алмай қиналып жүргенбіз. Мұның қызығын арадағы алыпсатарлар көрді. Енді біздің де жағдайымыз ескерілгеніне ризамыз.

Дегенмен сатылатын өнім бағасы бақылауда болады. «AMANAT» партиясының мониторинг тобы сауда нысандарын аралап, әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің саудасын қадағалаймыз дейді. Егер жөнсіз қымбаттату деректері байқалса, бірден шара қолданылады.

Махамбет СҰЛТАНҒАЛИЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің мақсатымыз – сауда орындарындағы бағаны бақылау, мониторинг жасау. Егер баға негізсіз қымбаттап жатса, мұны бірден анықтап шара қолданамыз. Бұл туралы тұрғындар құлаққағыс қылса артық етпес еді.