Алматыдағы
ең ірі азық-түлік дүкендерінде жекелеген тағам өнімдерінің кем өлшенетіні
анықталды. Осылайша кәсіпкерлер тұтынушылардың қалтасын қағып келген. Бұл
туралы Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматыдағы департамент
басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйымдар мен кәсіпорындарда биылғы сегіз ай ішінде
104 рет тексеру болған. Осыған байланысты тексерілмеген өлшеу құрылғыларын
қолданған 72 ұйым анықталыпты. Сондай-ақ, дүкендердегі бумаға салынған
тауарларының санында сәйкестік болмаған. Осы ереже бұзушылықтарға сәйкес
аталған компанияларға 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Таразыдан жеу
деректері бойынша шаһардағы халық көп келетін супермаркеттер назарға іліккен.
Мұндай жағдайларды байқаған сатып алушылар тұтынушылар құқығын қорғау мекемелеріне
шағымдана алады, дейді мамандар.
Гүлнәз
Халықова, Алматы қаласы техникалық реттеу және метрология департаментінің
директоры:
Мұндай
ереже бұзушылықтар автокөліктерге жанармай құю станцияларында да анықталды.
Осындай 4 станцияда да қызметкерлер тексерістен өтпеген өлшеу жабдықтарын
пайдаланып келген. Олардың екеуінде автокөлік иелеріне жанар-жағармайды
жеткізбей құю дерегі анықталған. Олар - "Қалқаман" мен "Астана Мұнай" жанармай құю
станциялары. Барлығы 1700 жарамсыз өлшеу құрылғылары тәркіленді. Салмағы
жетпейтін 35 түрлі өнім дүкен сөрелерінен алынып тасталды.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ