Револьвер кредит. Қолданысқа енетін жаңа термин. (Ағылшын тіл. revolve – айналу, уақыт өте қалпына келу) Оны үкімет жаңғыртпалы несие деп аударыпты. Анықтамалықтарды парақтасақ, клиенттің банктен алдын-ала келісілген лимит аясында белгілі-бір көлемдегі ақша алуы, сосын қарызды бірден немесе бөлшектеп төлеуі, сосын, тағы қарыз ақша пайдалана алуы. Яғни белгілі-бір мөлшердегі ақшадан аспайтын несиені белгілі-бір уақыт аралығында тұтынушы өзі алып, жауып, келесі жолы тағы да ала алады. Алған сайын банкке өтініш жасаудың қажеті жоқ.Үкіметтің осы аптадағы отырысында тұрғын үй құрылысы, «Нұрлы жер» қаралған. Бейнелеп айтқанда, «револьвер» беру сонда сөз болды. Бірақ бізде «револьвер» тұтынушыға емес, құрылыс компаниясына беріледі. Осы отырысты үкімет басшысы оптимистік реңкте аяқтады. -Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығына дейiн қалған аз уақытта қалған нысандардың бәрiн аяқтап, тұрғындарға жұмысымыздың бiткенi туралы есебiмiздi беруiмiз қажет. Бүкiл шаруамызды бiтiруге мүмкiндiгiмiз жеткiлiктi»,- дейді Премьер-министр.
Оны естіген Астанадағы Жармахан сияқты үлескерлер елеңдеп қалды – бірнеше жылдан зарыға күткен үйлерінің құрылысы бітеді ме деп. Алаяқтықтан шаршаған адамдар ақпарат құралдарына шағымданады. Біздің міндет қадағалау емес, бірақ біздің мемлекетте сөйтуге тура келеді... Айгүл Әдепбай жалғастырады.
Баспана бабы бас ауруына айналған бірегей елміз біз. 25 жылда 113 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. 1 млн-нан артық отбасы қоныс тойын тойлапты. Алайда үйлі болсам дегендердің алға емес, артқа жылжитын тізіміне 1 млн-нан астам адам тіркелген. Үкімет олардың мәселесін буы бұрқырап енді ғана піскелі тұрған «Нұрлы жер» бағдарламасы шешіп тастамақ. Ондай «батыл» бағдарламалардың басталуынан басылуын бірталай көрген халық сене ме екен. Үкімет басшысының өзі өсіп жатқан кезек үшін қиналды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
Статистиканы қарасақ, соңғы 3 жылда кезекке тұрғандар саны артқан. 2013 жылдан бері 2,5 есе өскен. Инвентаризация жүріп жатыр ма, әлде бәрін жаппай тіркеп жатырмыз ба?
Дыбыстық қыстырма: Есік қағып жатыр.
-Міне, осында жұмыс күні көрдіңіз ғой кісі жоқ, жан адам жоқ.
Баспаналарының болашағы бұлыңғыр мынадай топтар да көбейтіп жатыр тұрғын үйге мұқтаж жандар қатарын. Ал бұлар әу баста Үкіметке алақан жайған жоқ. Тапқан таянғандарын 100 пайыз төлеп, құрылысқа қаржысын құйып, бүгінде өз төрінде шіреніп отыратын адамдар еді сонау 2014 жылы. Үй сол кезде тапсырылу керек-тін. Бірақ бүгін олар сандарын соғып, табандарын тоздырып, бармақтарын шайнап, бастарын тасқа тарс ұрып, әйтеуір өз беттерімен қиналып жүр.
Жармахан Бекмағамбетов, үлескер:
Халықтың бәрі келіп есігін тоздырдық. Біресе анда қуады, біресе мында қуады.
«Бақыт ХІ» серіктестігінің үлескерлеріне бақытты мекен сыйлай алмай отырғанына екі жылдан асты. Жұмыстың жолда қалғаны көзге ұрып тұр. Құрылыс алаңында жөні бүтін күзет те жоқ. Түсіру тобына тосқауыл болуға да жарамады. Халықтың айтуынша, компанияның қаржысы жоқ. Дегенмен уәде беруден шаршамайды екен - жыл соңына дейін салып бітірем депті.
Мы хотим посмотреть наши квартиры откройте нам дверь. Ашыңызшы есікті. -Болмайды ғой ашуға. –Неге, не себепті ашпайсыз сіз дольщиктерге? Біздің квартиралар ғой. -Жоқ сіз бастыққа звондаңызшы.
Есесіне үлескерлері ұлардай шулаған мына «Айнұр-Астана» тұрғын үй құрылыс кооперативінің күзеті мығым. Қақпадан қадам бастырмады. Сыртқы бақылау камералары да ілінген. Соған қарағанда, жағдайлары алғашқы үймен салыстырғанда тәуірлеу ме дерсің. Бірақ үлескерлердің тағдыры ұқсас. Бұлар да пәтер ақысын 100 пайыз құйған, 2012 жылы.
Тілеуберді Нүсіпбай, үлескер:
Бір жылдан кейін құрылыс материалдары қымбаттады деген сылтау айтып әр шаршы метріне 150 долардан жинады. Оны жинап бердік. «Айнұр Астана» коперативінің мүшелерінңің қатысуынсыз өздері қол қойып Рамазанов мырза және оның командасы тағы ақша жетпейді деп, әр шаршы метріне 300 доллардан талап етіп отыр.
300 доллардан ақша қоспағандарды кооперативтен шығарып, үлестеріңді қайтарып береміз деген. Ал көк қағаз бағамының 2012 жылдан бері көкке ұшқанын ескерсек, қазір ол ақшаға жатақхана да ала алмаймыз дейді, абыржыған жұрт. Бұл үй бір үлескерлердің келісім шарты бойынша 2013-те, енді біреулерінікінде 2014 жылы тапсырылуы керек деп көрсетілген. Ал қазір үлескерлердің қолдарында бума-бума қағаз. Бәрі заңгер, экономист болып алған. Соттан, сотқа жүгініп, заңды жатқа соғады. Амалсыз, әрине.
Құрман Біләлов, үлескер:
Рамазанов Мансұр Тагирұлы сол 2012 жылы Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық шаруашылығының басшысы болды. Ақшаны бізден 2012 жылы жинады. Одан соң аудит жүргізілген кезде үлескерлердің 450 млн теңгесін мақсатсыз жұмсағаны анықталды. Қылмыстық іс қозғалып, алғашынды ішкі істер департаменті кейін мемлекеттік кірістер департаменті қарауына берілді. Бірінші сотты біз жеңіп алдық. Қазір тағы бір шешімді күтіп жүрміз. Сол кезде Рамазанов әкімдік қызметкері болғасын біз сеніп қалдық.
Дегенмен үлескерлер әлі де үмітті. Үкіметтің су жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасынан қайыр күтеді. Себебі министр Бишімбаев бағдарлама тұрғын үй құрылысының барлық мәселелерін шешеді деп сендірді. Жаңа жоба қараша айында дайын болады. Оның негізгі міндеттері мынадай.
Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Ипотекалық несилерге жеңілдіктер беру, субсидияландыру. Екінші үлкен бағыт - жеке үйлерді салу, сол үшін инфрақұрылымды салу. Ерекше айта кететін қағида инфрақұрылымға берілетін ақшалар қайтарымды түрде берілетін болуы тиіс. Өйткені кезекте 1 млн. астам азаматтар тұр. Әрине соның бәрін инфрақұрылымға учаскелерге сұранысты қамтамасыз етуге үлкен қаражат керек. Ол қаражатты қайтарылымды түрде біз салмасақ сол кезек ұзаққа созылып кетуге сондай мүмкіндік бар.
Яғни Үкімет үй салуға жер телімдерін береді. Инженерлік коммуникация, құбырларды тартады. Сосын сол инфрақұрылымға кеткен қаржыны халықтан өндіріп алады. Бұл бір. Екіншіден банктің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялайды. Қалған айырманы банкке мемлекет төлейді. Яғни екінші деңгейлі банктерге пайызының бір бөлігін төлеп береді. Халықтың үй сатып алу мүмкіндігін арттыру үшін. Құрылыс компанияларына да қолжетімді қарыздар ұсынылмақ. Бағдарламаның тағы бір міндеті – тұрғын үй жинақ банкінің салымшыларына револьверлік жүйе бойынша кредиттік тұрғын үй салады. «Жаңғыртпалы қағидат» деп аударған, бұл жүйені.
Айбар Олжаев, ТҚЖБ ресми өкілі:
Әр 2 жыл сайын қаржы айналдып отырады. Жалпақ тілмен айтқанда Үкімет тарапынан, бюджет тарапынан бір рет қана қаржы бөлінеді. Аталған қаржы құрылыс оператордларына бөлінеді. Олар жергілікті атқарушы органдар мен «Бәйтерек» АҚ. Аталған құрылыс операторлары екі жылдың ішінде тұрғын үй құрылысын аяқтауы тиіс. Және ТҚЖБ ол үйлерді өзіне алып, салдымшылар арасында үлестіреді. Одан кейін сатылған үйлердің ақшасын қайтадан құрылыс операторларына қайтарып береді. Сол арқылы құрылысты үздіксіз жүргізіп отыруға мүмкіндік аламыз. Жалпы циклдың өзі 10 жылға есептелген. Ал ақшаның айналып отыру мерзімі екі жыл. Осы жүйе арқылы кредиттік баспана салынатын болады.
Міне осындай жаңашылдықтар бар. Ал Ұлттық экономика министрі оптимист. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай барлық азаматтар жаңа пәтерлеріне қоныстансын, әкімдіктер қимылдасын, тапсырма беріңіз деп Премьер-Министрден өтініп, екпіндете аяқтады, Үкімет отырысындағы баяндамасын. Бақытжан Сағынтаев та қолдай кетті.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына дейінгі қалған аз уақыттың ішінде қалған нысандардың бәрін уақытында бітіріп тұрғындарға жұмысымыздың біткені туралы есебімізді беруіміз қажет. Оған біздің шаруаларымызды бітіруге мүмкіндігіміз жеткілікті.
Ал қомағай компаниялардан шаршаған адамдар толағай табысты сезінеді, егер кез-келген салада заң нормалары жүріп, тәртіп орнаса.
Жармахан Бекмағамбетов, үлескер:
Уәде құрғақ уәде, ертең, арғы күні, арғы апта... шаршадық.
Айгүл Әдепбай, «Біздің уақыт».