Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Елдімекенге экологиялық апат төніп тұр

12.05.2023ж. 20:00
1426
Елдімекенге экологиялық апат төніп тұр

Көмір өндірісіне көпшілік наразы. Тобыл өңіріндегі Құсмұрын кентінің тұрғындары елдімекенге экологиялық қауіп төнгенін айтады. Қазір кент іргесіндегі кен орнының жұмысы тоқтап тұр. Алайда зардабы жойылған жоқ. Ауыл маңындағы өзен-көл құрғап, жайылым жұтады дейді жұртшылық.

Қоңыр көмір сегіз жыл бұрын дәл осы жерден өндірілген. Жалпы аумағы бірнеше гектар. Кен орнының жұмысы тоқтағанымен, зардабы жойылмады. Қазылған жердің ойран - топыры шығып, ой-шұңқырға айналған.

Нұрлыбай АЙТЖАНОВ, ҚҰСМҰРЫН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қаншама мал өлді. Көктемде су толады шұңқырларға. Батпақ. Қалай ашып кетті, солай жапсын.

Владислав ИЛЬИН, ҚҰСМҰРЫН КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен бұл экологиялық апат деп есептеймін. Мына шұңқырлардан радиация тарап жатпағанына кім кепіл? Ауылда обыр ауруы көбейді. Қазу жұмыстары кезінде шеткі үйлер шаңнан көз ашпады.

Геология комитетінің мәліметінше, бұл жердегі қоңыр көмір қоры 26 миллиард тоннадан асады. 2015-2016-шы жылдары кен орны екі кәсіпорынға бекітіліп беріліпті. Өндірушілер өзенді бөгеп, салдарынан арнасы құрғап қалған. Балығы тайдай тулаған жасанды көл де шалшыққа айналды. Шеті жырылып, суы ағып кеткен. Жыра үлкейіп, өріс тарылды.Төрт түлік ұзап жайыла алмайды деп шағымданады тұрғындар. Ал экологтар болса елдімекенге ешқандай экологиялық қауіп төніп тұрған жоқ дегенді айтады.

Зиада БИСАҚАЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Экологтардың бірінші тексеретін компоненті ауа, су. Жерге зиянды нәрсе сіңіп ластанса айтар едік. Бірақ ластану болған жоқ.

Әйтсе де әлеуметтік-қаржылық талаптарды орындамағаны үшін әлгі екі өндірушімен де келісім-шарт бұзылған екен. Бірақ индустрия министрлігі кен орнын қайтадан басқа кәсіпорындарға беру үшін аукционға шығармақ.Тұрғындар түбегейлі қарсы. Көпшілік көмір өндірісін толық тоқтатып, қазылған жерді қалпына келтірсін деген талап қойып отыр.