$486.44 €534.31 ₽5.06
×

Ақтөбенің Ырғыз ауданында екі бірдей елдімекен ауыз сусыз отыр

12.05.2023ж. 20:00
898
Ақтөбенің Ырғыз ауданында екі бірдей елдімекен ауыз сусыз отыр

Ақтөбенің Ырғыз ауданында Жаныс би және Шеңбертал ауылдарының тұрғындары ауыз сусыз отыр. Халық қыста мұзды ерітіп ішеді, жазда құдықтың ащы суын тұтынады. Ал екі жыл бұрын ауылға су құбыры жүргізілген. Миллиондаған қаржы бөлінген жоба бірақ аяқсыз қалыпты.

Екі ауылда мың үш жүздей халық тұрады. Мұнда жалғыз құдық бар. Оның өзінің суы ішуге жарамсыз.

Жолан ӘБЕНОВ, ЖАНЫС БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суы сап-сары, дәмі жаман ащы. Кермек. Шайын құсып кетеді қап-қара болып сондай. Сүзіп тұрдырып қойып ішіп отырмыз. Малға беріп отырмыз.

Негізі 2020 жылы бұл ауылдарға су құбыры тартылған. Жобаға 700 млн теңге қаражат бөлініп, 2021 жылы тұрғындар таза су ішкен. Шенділер лента қиып, атойлаған. Бірақ артынша құрылыс аяқсыз қалыпты.

Телман САҒЫНБАЙҰЛЫ, ЖАНЫС БИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жиырмадан бастап 21 берді. Қыстай су қатты. Оны ішкен жоқ едік. Онымен қоймай апрель туғаннан кейін тағы жоқ болды. Әлі жоқ міне. Мінекей біздің көріп отырғанымыз. Мердігер дейді. Біреу біреуін алдайды.

Аманбек ЫСҚАҚОВ, ШЕҢБЕРТАЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Көлсайстрой» ұтып алған мердігер мекеме болды. Жас балдар келді Ақтаудың трубасын теріс жалғап кетті. Теспей жалғап кетті. Қазған жоқ терең. Қадағалаушы орган болған жоқ. Бөлінген ақша жоқ. Свет қиылды. Тоқ жоқ. Үш ай іштік. Жарқ етті де жоқ болды.

Жобаға тапсырыс беруші -Су ресурстары комитеті болса, жұмысты алматылық кәсіпкерлер орындаған. Ақырында шеңберталдықтар таза судың рахатын тек үш ай көрген. Ал Жаныс би ауылының тұрғындары құбыр суын бір жылдай пайдаланған. Бірақ сол кезде құбыр жеті рет тесіліп, жөңдеуден өтіпті. Одан қалды биыл сәуір айында мердігер мекеме жарықтың ақшасын төлемей суды тіпті сөндіріп тастапты.

Нұрлан ҚЫЗБЕРГЕНОВ, ЫРҒЫЗ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл жерде бір-ақ мәселе, бұл жөнінде мен Водный комитеттің басшысы, орынбасары бар, қазсушар басшысы орынбасары бар бар. Солармен сөйлесіп бітпеген стройканы бітіруге бір жыл жүрдім. Заказчик пен подрядчик бірігіп жұмыс жасау керек. Шешу мәселелерін қарау керек.

Бұл мәселені енді «AMANAT» партиясы өз бақылауына алды.

Айжан ЫСҚАҚОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫНЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМАЕНТІ ИНСПЕКТОРЫ:

Бұл қайтадан экспертиза жасап, қайта дұрыс жөңдеу қаражат қарастырылмаса су халыққа берілмейді. Проекттің мәселесі шешілмейді. Әрине осы проектке қол ұштарын тигізген партияластарымыз партиялық қатаң жауапкершілікке тартылады. Партия осы мәселені бақылауға соңына дейін алуға мүдделі, тиесілі.

Қазір мердігер мен тапсырыс беруші соттасып жатыр. Өйткені су ресурстары комитеті ауылдарға тартылған су құбырларынан отызға жуық кемшілік тапқан.