Алматыға ұшып келген ресейлікке өз қызметін ұсынған такси жүргізушісі одан 200 000 теңгеге жуық ақша алған, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің ресми Instagram парақшасында.
3 мамыр күні Алматыға келген 30 жастағы Ресей азаматы көлік полициясына жүгінген болатын. Ол өзіне такси қызметін ұсынған Алматы әуежайының такси жүргізушісіне шара қолдануды сұрады. Зардап шегушінің айтуынша, ер адам оны Марков көшесіне апару үшін 400 еуро (қазіргі бағам бойынша 196 000 теңге) сұраған.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында шағым түсірген адамды жеткізген Mercedes-Benz көлігі мен оның иесі – 27 жастағы Алматы облысының тұрғыны анықталды", - деп хабарлады полицейлер.
Полицияның айтуынша, жауап алу кезінде ер адам өз кінәсін мойындап, ақшаны толық қайтарған. Ал жәбірленушінің тарапынан ешқандай шағым немесе талап жоқ. Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 449 бабының 2-бөлігімен "Қоғамдық орындарда азғындау" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
"15 мамырда Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен оған 21 150 теңге айыппұл салынды", - деп толықтырды тәртіп сақшылары.
Сондай-ақ Ресей Федерациясының азаматы көлік полициясының қызметкерлері дереу шағымын қанағаттандырғаны үшін және полицейлердің кәсібилігіне алғысын білдірді,-деп жазады KAZ.NUR.KZ.