Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Павлодар облысында мың жарымнан астам халқы бар ауыл өркениеттен ажырап қалған

16.05.2023ж. 20:00
1180
Павлодар облысында мың жарымнан астам халқы бар ауыл өркениеттен ажырап қалған

Павлодар облысында мың жарымнан астам халқы бар ауыл өркениеттен ажырап қалған. Елді мекенде әлеуметтік нысан жоқтың қасы. Бір қызығы, ауылдық клубтың ғимараты жеке меншікке сатылып кеткен. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт қала жағалауға мәжбүр. Өйткені, медициналық көмек көрсететін мекеме құлағалы тұр. Ал ата-ана баласын қысы-жазы қаладағы балабақшаға тасуға мәжбүр. Амалы таусылған ағайын арыз, тілегін арнамыздың тілшілеріне жеткізді.

Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында мың жарымнан астам халық бар. Бірақ, елді-мекенде мектептен басқа бірде бір әлеуметтік нысан қалмаған. Ауылдық клуб жеке меншікке сатылып кетіпті. Бұқара бас қосып, жиналатын ғимараттың жоқтығын айтады.

Светлана АЛМАҒАНБЕТОВА, ҮШТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үлкен ғимарат тұр міне алдыңызда. Бірақ, осы ғимаратта өтіп жатқан ешқандай іс-шара жоқ. Жастар кешке жақын көше кезіп, көшеде жүреді. Сол мәселе кішкене шешілсе екен деп ойлаймын. Өйткені, балалар баратын жері болса, бұрын музыкалный школа болды. Қанша дүние болды осының ішінде. Қазір қаңыра тұр осы.

Ал басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт қалаға баруға мәжбүр. Өйткені, елдімекенде медпункт те жоқ. Бұрынғы ғимарат құлаудың аз-ақ алдында тұр. Ауылдықтар проблемасы бұнымен бітпейді. Үштеректе балабақша да жоқ. Тұрғындар балаларын қысы-жазы қаладағы мекемелерге тасып әлек.

Айдана ҚҰТТЫБАЕВА, ҮШТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің балаларымыз өсіп келе жатыр. Барлығы бір секцияға қатысқысы келеді. Ондай секцияға беретіндей мектепте ондай мүмкіншілік жоқ. Арендаға беретін орын жоқ оларда. Ауылдың ішінде ФОК жоқ өзімізде. Тағы да біз балаларды Ақсуға апарып беруіміз керек секцияларға.

Жергілікті әкім қаралар бұл мәселеден хабардар. Балабақша, медпункт, спорт кешені сынды нысандар салуды келесі жылдың бюджетіне енгізетіндерін айтты.

Нұрлан БАЙБӘКІРОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бөлек балабақша емес, жанағы бір ойға келіп отыр. Бұл бір жапсарлас ғимарат мектепке саламыз деген. Қосалқы. Бұл да миницентр балабақша сияқты болады. Біздің сұрап отырған жобамыз 150 балаға жапсарлас мекеме құрылса, жанағы балабақшаға арналған. Бұл жобалалар облыс әкімімен қолданылды. Алдағы уақытта шешіледі деп ойламын.

Ал жекенің қолына өтіп кеткен ауылдық клуб ғимаратын қайтарып алатындарын жеткізді. Қазір нысанды сатып алу туралы келісім жасалынып жатыр. Жергілікті шенділер биылдан қалдырмай, мәдениет ошағын қолданысқа береміз деп уәде берді.