Павлодар облысында әлеуметтік салада қордаланған проблема шаш етектен. Әсіресе, білім беру және денсаулық сақтау саласында өзекті мәселелер көп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәселен, өңірде 2 мен 6 жас аралығындағы бала бақшамен қамтылмаған балақайлардың саны 14 500 екені анықталған. 3223 бүлдіршін бүгінгі таңда кезекте тұр. Отбасылық цифрлық карта дерегіне сүйенсек, 6 мен 18 аралығындағы жеті мыңнан аса бала мектепке бармайды екен. Оның алпыс бесінің жасы тоғыздан асып кеткен. Ешқайда тіркеуде жоқ. Үш жарым мың бала тіркелген мекен жайы бойынша тұрмайды. Павлодар облысында 149 дәрігер жетіспейді. Өңірге 37 кардиолог маман керек. Успен, Аққулы аудандарында хирург пен травматолог маман мүлде жоқ. Ал, Екібастұзда зейнетке шыққан дәрігер, хирург әрі травматолог болып жұмыс істеп жүр. Облыста дүниеге келетін сәбилердің 20%-ы Екібастұз қаласының еншісінде. Демографиялық өсімі жоғары шаһарда УДЗ мен аниграф жоқ. Керекуге келген сапары барысында осындай жағымсыз деректерге көз жеткізген Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың жұмысына қанағаттанбады.
"Асайын Қуандықұлы, білім беру мен денсаулық сақтау саласында қордаланған проблеманы көріп отырмыз. Осы екі саланы басқа орынбасарыңызға жүктеңіз. Қаржы саласына жауапты орынбасарыңызға беріңіз, бөлінетін қаражатты да өзі қадағалап отырады", - дейді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов.
Аймақта жастар саясаты мәселесінде де көңілге қонымсыз жайттар көп. Облыс жастары мемлекеттен берілетін қолдаулардан хабарсыз. "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша Павлодар облысына 1,5 млрд теңге бөлінген болса, осы күнге дейінт оның бір тиыны да игерілмеген.