$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жазғы демалыс лагерінің бағасы - 185мың теңге

26.05.2023ж. 20:00
1787
Жазғы демалыс лагерінің бағасы - 185мың теңге

Санаулы күннен соң балалардың жазғы демалысы басталады. Балғындардың уақытты тиімді өткізуіне жағдай жасалған ба? Тынығу лагерьлері жеткіншектерді қабылдауға дайын ба? Өңірлердегі тілшілерге сөз берейік.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Білім басқармасы келтірген ақпарға сүйенсек, аймақтағы он лагерьде жасөспірімдер жазғы демалысын өткізеді. Сегіз мыңнан астам бала жолдама алған көрінеді. Оның екі мың екі жүзі тегін тынығады.

Қаламқас ҚАРАТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Қазіргі таңда барлық лагерльлерге жолдамалар сатылып болды. Жолдама бағасы бізді облыс бойынша он бес мыңнан алпыс мың аралығын құрайды.

Бұл кешен жиырма жыл бұрын қалыпқа келтірілген. Орман ішіндегі лагерьде жыл сайын жөндеу, бояу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда жаз бойы алты жүзден астам балақай демалады деген жоспар бар.

Мадина ҰЗАҚБАЕВА, БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ ЖӘНЕ САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ремонт жасалып жатыр.Бүкіл ғимараттарда. Бір ғимаратта еденді ауыстырып жатырмыз . Қазіргі таңда біздер барлық рұқсат қағаздарын алу үстіндеміз.

Рұқсат демекші облыстағы он лагерьді санитарлық қадағалау департаментінің өкілдері тексеріп жүр. Түгел аралап шыққан соң, тиісті құжаттар беріледі.Әзірге демалыс орындарының дайындығы елу процент ғана дейді мамандар.

Рагүл ТӘЖЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл лагерьде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дайындығы 50 процент деп айтуға болады.

Балалар жазғы каникулын қызықты өткізу үшін лагерьден тыс әр мектеп ауласында алаңқайлар құрылады. Түрлі экспедиция мен экскурцияға 12 мың оқушы қатысады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Қала сыртындағы демалыс орындарында дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда балалар маусымның ортасынан бастап келе бастайды. Ал Алматы жақтағы жазғы лагерлердің жағдайы қалай?Әріптесім Әйкерім жалғастырады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Иә, Заңғар, оқушылардың асыға күткен мезгілі де таяп қалды. Жазғы демалысты пайдалы әрі сапалы ұйымдастыру әр ата-ананың уайымы. Алматылықтар балаларын үлкен мегаполистің қарбалас қозғалысынан демалдырып, қаланың сыртына лагерьге жібергенді жөн көреді. Міне таза ауа, тұмса табиғат, мына орманда тіпті маралдар мекен етеді. Алайда мұндай қызықты көруді әркімнің қалтасы көтере бермейді. Мәселен мына жазғы ойын сауық лагерінің бағасы - 185мың теңге.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Міндетті түрде жыл сайын көтеріліп жатады. Біреуінің қаражаты жетеді, біреуінікі жеткіліксіз. Өз бала шағамды жіберіп көрмедім, өзім қорқамын. Қауіпсіздігін ойлаймын көбінесе.

- Қазір барлығы балаларын жекеменшік лагерлерге жібергісі келеді. Ол жерде барлық жағдай жақсы жасалады. Ал мемлекеттіктерде көбіне барлығы ескі әрі қамтылмаған. Сондықтан да жекелердің олардың бағасы шарықтап тұр.

- Өмірдің сапасына үнемдемеу керек деп ойлаймын. Бұл үлкен жақсы дүние, енді әрине ақшасы төмендеу болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Гүлвира Байымбетова - 4 баланың анасы. Тұңғышын жазғы сауық-лагерьге жіберіп, артынша өкінгенін айтады. 120 мың теңге төлеген, ал мекеме балаларды төрт қабырғаға қамап, дәмсіз тағам берген. Ойын ретінде тек шағын аулада футбол ұйымдастырған көрінеді.

Гүлвира БАЙЫМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Биыл енді қарастырып көрсем бағалары өте жоғары 200 мыңнан жоғары. 7 күн деп айтты. Маған қаланың ішіндегі лагерьлер ұнамайды. Кішкентай ғана ауланың ішінде ұстап отырады, аптасына 1-2 рет ғана қалаға алып шығып қыдыртады. Бірақ бағалары өте жоғары. Менде ондай бағаға мысалы 2 баланы жіберуге мүмкіндік жоқ.

Мамандар жыл сайын көтерілетін бағаны инфляциямен байланыстырады. Баланың қауіпсіздігі мен демалысы үшін тек ең жақсы өнімдер қолданылып, қызықты бағдарламалар дайындалады дейді.

Серік МОЛДАНБАЕВ, САУЫҚТЫРУ ЛАГЕРІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бала 10 күннен кейін жақсы жағынан ерекше болып шығады. Жеңілдіктер кейбір сезондарға көрсетілген. Былтырмен салыстырғанда бағамыздың өскені ол жаңағы тамақтың қымбаттауы.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Алматы облысы аумағында барлығы 18 жазғы сауықтыру лагері бар, оның екеуі мемлекеттік. Биыл өңірде 260 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылса, қала бойынша 270 мың жеткіншек лагерьге барады.