Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 460 мыңнан астам тың құжат жария етіледі

31.05.2023ж. 20:00
1201
Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 460 мыңнан астам тың құжат жария етіледі

Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 460 мыңнан астам тың құжат жария етіледі. Бұл туралы Президентке Алматыдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының жетекшісі айтты. Қазір мамандар құжаттарды қалпына келтіріп, цифрландыру жұмыстарымен айналысуда.

Президенттің Жарлығымен осыдан үш жыл бұрын саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның жұмысына қолдау көрсету мақсатында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ашылған болатын. Мұнда құжаттарды құпиясыздандыру, қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады. Оларды зерттеу және ғылыми айналымға енгізу үшін тиісті жағдай жасалған. Қазір тарихшы-ғалымдар мен орталық қызметкерлері Алашорда ісіне қатысты көптомдықты баспаға дайындап жатыр.

Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, ХХ ҒАСЫРДАҒЫ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН МАТЕРИАЛДАРЫН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Орталықта 20 адам қызмет жасауда. Жалпы, алғашқыда орталыққа 162.000 іс қабылданады деп жоспарланған. Алайда, деректерді, мәліметтерді нақтылау барысында ол істердің 715.000 іс екені анықталды. Жалпы бұл құжаттардың ішінде, қылмыстық тергеу істерінің ішінде айыпталушылардың жеке істері де сақталып қалған. Суреттері, хаттары, күнделіктері.

Сондай-ақ Президент Алаш қайраткерлерінің жеке құжаттарымен танысты.

Мемлекет басшысының бұл орталыққа ат басын тірегені саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Халқымыздың кеңестік дәуірде бастан кешкен нәубетті кезеңдерді қаламына тиек еткен жазушы Смағұл Елубай «бұл дата зор маңызға ие»,- дейді.

Смағұл ЕЛУБАЙ, ЖАЗУШЫ:

Осыдан 100 жыл бұрын сұраусыз кеткен, жоқтаусыз кеткен жарты халқымызды жалпы халық болып жоқтап жатырмыз. Осыны біз күткен болатынбыз. Архив материалдары 3 том болып, 5 том болып шықты. Қазір енді соның 7 томдығы шықты. Бұл -үлкен жұмыс. Аруақтардың алдында перзенттік парызымызды өтеп жатқанымызды көрсетеді.

ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының қорында 260 мың іс сақталған. Биыл жыл соңына дейін саяси қуғын сүргін құрбандарына қатысты 460 мыңнан астам тың құжат жария етілмек.