Қызылжарда
жергілікті баскетбол клубының мүшесі ауруханаға түсті. Жансақтау бөлімінде
жатқан Игорь Нанаевтың жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр. Полиция
қызметкерлерінің мәліметінше, спортшыны әлдекімдер соққыға жыққан. Қазір
күдіктілер іздестіріліп жатыр.
Өскемендік
спортшы Игорь Нанаев бір ай бұрын петропавлдық баскетбол клубына шақыртумен
келген. 23 жастағы спортшы бірнеше үздік клубтардың қатарынан көрініпті.
Жаттықтырушының айтуынша, өткен демалыс күндері ол командаластарымен бірге
түнгі клубқа барған. Сол кезде студенттер университетке түскенін тойлап жатқан
көрінеді. Артынша жігіттер өзара
келіспей қалып, баскетболшыларға бір топ жігіт жабылған,- дейді команда
бапкері.
Михаил
Дедов, «Барс» баскетбол клубының жаттықтырушысы:
Игорьді
4-5 жігіт ұрған. Құлатқаннан кейін оның басынан секірген. Бетінің сау тамтығы
қалмады. Ауруханада көрдік. Есін жиғанын тілеп отырмыз. Оның жақындарына көмек
көрсетіліп жатыр.
Игорь
Нанаевтың ес-түссіз жатқанына 4 күн болды. Дәрігерлердің айтуынша, жігіттің
жағдайы жақсармай тұр. Қайғылы оқиға туралы естіген спортшының қалыңдығы бірден
Өскеменнен Петропавлға келген. Олар 3 айдан кейін үйленуді жоспарлаған екен.
Дарья
Тарановская, Игорь Нанаевтың қалыңдығы:
Оның
ерні жыртылған, алдыңғы тістері жоқ, жақ сүйегі сынған, бас миы қатты
зақымданған. Дәрігерлердің болжамына қарамастан, мен оның тірі қалатынына
сенемін.
Ал,
Өскемендегі Игорьдың достары жас
спортшының айғай-шуды ұнатпайтын ақкөңіл жігіт екенін айтады. Жағдайдың шын
мәнінде қалай болғанын білу үшін олар тіпті жеке детективті жалдамақ.
Максим
Бартеньев, Игорь Нанаевтың досы:
Ол
ұрыс-керістен аулақ жүреді. Демек, бәрін жай сөзбен шешуді жөн көреді. Ешқашан
төбелеспейтін. Біреуге тіпті қатты сөйлемеген де.
Спортшының
жақындары Игорьді кемінде 5-6 кісі соққыға жыққан болуы мүмкін дейді.
Полицейлер әзірге бұл оқиғаға қатысы бар деген күдікпен тек бір-ақ адамды
ұстаған, тергеу амалдары жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары әзірге қандай да бір
ресми ақпарат беруге асықпай отыр.
Абзал
ҚҰРМАНКИН