Негізгі / Жаңалықтар / Таразда Алаштың аяулы ақындары Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың 70 жас мерейтойы атап өтілді

Таразда Алаштың аяулы ақындары Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың 70 жас мерейтойы атап өтілді

Таразда Алаштың аяулы ақындары ерлі-зайыпты Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың 70 жасқа толуына орай әдеби шығармашылық кеш өтті. Өмірде де, өлеңде де тағдырлары тоғысқан қос ақынды құттықтауға еліміздің түкпір-түкпірінен оқырмандары жиналды. Поэзия мерекесіне қаламгерлер қауымымен қатар, атқамінерлер де қатысты. 

Қос ақынның шығармалары театрландырылған көрініс арқылы көрерменге ұсынылды. Ақындардың қылыштан өткір, қылдан нәзік поэзиясы тәтті сағынышымен тәнті қылды. «Сен менің бақытымсың» атты кітабы үшін ақын Күләш Ахметова Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты атанған. Мемлекеттік сыйлық пен «Құрмет» орденінің иегері. Ақынның бала психологиясына жақын жырлары мектеп оқулықтарына да енген. Одан бөлек, шығармалары орыс, украин және түркі халықтарының тілдеріне аударылды.