Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

«Дөп сөз»

AstanaTV
08.10.2016ж. 20:00
4047
 «Дөп сөз»

Жаңа айдар аштық. «Дөп сөз» деп аталады. Айтқыш, айтқанының жаны бар және жазғаны тіршілікті боямасыз көрсететіндерге берілетін сөз. Әлеуметтік желілердегі. Оларды «әлеуметтік журналистер» деу керек шығар. Бізге әсіресе, өмірдегі кәсібінің журналистикаға қатысы жоқ, өзінің шаруасы бар, байқампаз, аңғарымпаз, қазіргі процестерге көзқарасы бар азаматтар қызық. Жалаулатып, алаулатып жазбайтын. Сонымен, Саламат Омаш алғашқы шығарылымда Мықтыбекпен хабарласты.

Ассалаумағалейкум! Байқасаңыздар, біз осы көп сөйлейміз. Қымбат сөз ауызға түсе бермейтіні шындық. Бір танысыңның денсаулығын ғана сұрап, ағайын-жекжатының хәлі, көршілерінің болашақ жоспарынан хабардар боп қаламыз. Көңіліміз онша қаламаса да... Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні барын сіз бе, біз де білеміз, әрине. Фейсбук әлеуметтік желісінде «Ауыл тұрғыны» деген лақап атпен жазатын бір кісі бар... Ойнап жазса да ойлап жазатын.

 — Өзбектер ақша табу үшін біздің ауылда жүр.
— Бәрін өзбекке істетіп, ауылыңның адамдары не бітіріп жүр?
— Қолдары тимейді. Ақша табу үшін Астанаға, Шымқалаға кеткен.

Боямасыз өмір. Ауылдарда бар, болып жатқан үрдіс. Ал енді бұл қай данышпанның сөзі дейсіз ғой. Бұл ешқандай да анау айтқандай данагөй философ емес, ақын-жазушы деп те айтпаймыз. Журналистикаға тіпті қатысы жоқ. Бұл жазда сәбіз бен пияз жинап, күз келсе мақтаның маусымын күтетін қарапайым дихан. Мықтыбек Оразтайұлы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының тұрғыны.

Мықтыбек Оразтайұлы, ОҚО тұрғыны

Негізі жазам деген адамға дүние көп. Басымнан өткенін жазамын, естігендерімді жазамын. Кейде шабыт кеп тұрса ойдан да шығарып жаза беремін. Оны жасырмаймын. Рас. 

Құрметті көрермен, күйбең-тіршіліктен, анау сөйтіп кетті мынау бүйтіп қойыпты деген ақпараттан, жаттанды сөйлемдерден шаршауыңыз мүмкін ғой. Ауыл тұрғынына бұл жат нәрсе. Ол барды бар, жоқты жоқ деп жазады. Себеп: Мықтыбекте редактор жоқ, Мықтыбекте нұсқаушы да, әр сөйлемді микроскоппен аңдып отыратын қожа да жоқ.

«800 мың айлығы бар депутатты да 60 мың айлық алатын мұғалім оқытқан». Бүгін мен оқыған шындығы бар сөйлем осы болды.

Дөп басып айтқан. Бүгінгі мұғалім кім, депутат кім? Өзіңіз салыстырып көрерсіз? Мына бір жазбасын мұқият тыңдаңыздар.

Тілдер мерекесі тойланатын күн. Қазақстандағы тілдер өзара бас қосып, «бешір» жасаса, бірінші тост кезегі орыс тіліне берілетіні сөзсіз. "Тойды ашып бердің" деп оған шапан жабылатыны да күмәнсіз... Не дейміз енді, мерекелеріңізбен!

Алып-қосарым жоқ. Бәрі түсінікті. Мықтыбек Оразтайұлы тұратын жерде интернет әлсіз. Өзі осылай деді. Дегенмен, ауыл тұрғынының жазбаларын өз аузынан есту үшін бірді- екілі әңгімесін ұялы телефонға басып жіберуін сұраған едік.

Мықтыбек Оразтайұлы, ОҚО тұрғыны

Түнеукүні көршімнің туған күні болған. "Құтты болсын" айтып бөлесі келіпті. Әңгімешіл жігіт екен, аузымыз ашылып соны тыңдап отырдық.

 — Екеуің көрші екенсіңдер ғой. Бір-біріңмен тату болыңдар. Ана жаққа барғанда да "қандай адам еді?" деп әуелі көршіңнен сұрайды деседі. Сол кезде бір-біріңді сатып кетпей, "жақсы адам еді" дей салыңдар, — деп те күлдірді. 
— Еее, — деді көршім маған. — Егер ана дүниедегі тағдырың менің жауабым арқылы шешілетін болса қам жеме! Қатырып тұрып мақтаймын!

Көңілім аспанға бір-ақ секірді! 
Солайша "екі дүниенің" де "мәселесін шешіп" қайтқан жайымыз бар.

Көрші ақысы – тәңір ақысы. Қаладағы аспанмен тірескен ғимараттардың арасынан бұндай көрші табуымыз екіталай. Қала адамдар арасындағы көңілді суытады ғой. 

— Жеті атаға жетпей қыз алыспайтын қазақтардың гені де, қаны да таза!
— Бәсе… Қазақ неге тек қазақтың ғана қанын ішіп, бір-бірінің етін жейді десем.

Айтпайын десең де айтқызады. «Қазақтың жауы - қазақ» деп әлі жүрміз. Мұхтар Мағауиннің мынадай сөзі бар еді. « Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, əлі де екі бөлініп отыр, «кəрістің жауы – кəріс» деп ешкім айтқан жоқ. «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нəрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?».  Ойландыратын сөздер, солай емес пе?.. Жә, келесі жазбаға назар аударыңыз.

«Музарт» тобының белді мүшесі Сәкен Майғазиев» - деп басталыпты бір мақала. «Музарт» тобында «белсіз мүше» бар ма еді? Бәрі де сен тұр, мен атайындар емес пе?

Әзіл-шыны аралас жазба...  Құрметті көрермен, біз сөзге тоқтаған халықпыз. Әлде... Сіз жазыңыз, біз жарыққа шығаруға тырысамыз. Ұмытпаңыз! Қашан да, қайда да көп сөз ұтпайды, «Дөп сөз» ұтады!