$519.51 €611.83 ₽6.6
×

Өскемен қаласының маңындағы отбасылар 4 ай бойы ауыз сусыз отыр

AstanaTV
13.10.2016ж. 20:00
2116
Өскемен қаласының маңындағы отбасылар 4 ай бойы ауыз сусыз отыр

Өскемен қаласының маңындағы Опытное поле шағын ауданы 4 айдан бері ауыз суға зар. Күнделікті тұтынғанға және шаруашылыққа тіршілік көзін өзеннен алуға мәжбүр. Ауылда су кернеуіш мұнара бар, бірақ жекеменшіктің қолында. Ол жердің қожайынымен тұрғындар мәлімеге келе алмаған. Себебі қолданбаған су үшін сан мыңдаған шотты төлемейміз дейді. Толығырақ тілші бейнематериалында.

Өскеменнен 2 шақырым ғана жерде тұратын адамдардың жағдайы қалыпты болар түрі жоқ. Кіржуғыш машина, су жылытатын құралдар сияқты тұрмыстық техниканың қолданыстан шыққалы қашан. Себебі, су жоқ. Бұл жағдайға көнген халық басына түскен ауыртпалықты өз бетінше шешіп жүр. Бірі қаладан тасып ішеді, өзгесі дүкеннен сатып алады. Ауыз судың жалғыз қайнар көзі ол - су кернеуіш мұнара. Бірақ ол нысанды шошқа фермасымен қоса жеке кәсіпкерге сатылып кеткен.

Мария Воронкова, Опытное поле ауылының тұрғыны:

Сіз өзіңіз ойлап көріңізші, кішкентай балаларды мектепке барарда жуындырайық десек немесе қарапайым шәй қойып ішкенге де су болмайды.

Оксана Самойлова, Опытное поле ауылының тұрғыны:

Қыс мезгілінде күндіз бір сағатқа ғана су қосады. Ондағы қызметкерлер Тоқтархан Смайылұлы кешкісін қоспасын деп тыйым салған дейді. Жоқ су үшін мен неге ақша төлеуім керек?

Су кернеуіш мұнараның кірпіштері үгітіле бастаған. Соңғы рет қашан жөндеу жасалғаны белгісіз. Эпидемиологтар су ішуге жарамсыз деген қорытынды шығарған. Сондықтан, ауылға жібермес бұрын қайта жөндеуден өткізу керек.

Ирина Берсенёва, ШҚО Опытное поле ауылдық округінің бас маманы:

Адамдар қазір оған көмек ретінде қаражат жинап, мұнараны жөндеуден өткізуге атсалысса болар еді. Сонда толық тазалау жұмыстарын жасап, қысы-жазы су келетін құбырлар тартылады. Депутат АЦ 8 деген сорғышты қоюды ұсынған. Бағасы 300 мыңдай. 

Бірақ бұл соманы жинауға  тұрғындардың қалтасы көтермейді. Оның үстіне ескі қарыздардың мәселесі шешілмеген.

Марина Каримова, Опытное поле ауылының тұрғыны:

Қарызсыздар дейді, төлейміз, төлейміз келіп, түбіртек бермейді. Соңында 30-50 мың тағы берекшек болып қаламыз. Жоқ су үшін неге құн сұрай береді?

Әкімшілік 17 үйдің тұрғындарына жаңадан су ұңғымасын бұрғылап берейік деген ұсыныс жасаған.

Оксана Самойлова, Опытное поле ауылының тұрғыны:

Жаңадан су бұрғылатып шығару үшін  500 мыңдай төлеуім керек екен. Мен жалғысбасты анамын. Ондай ақша қайдан болсын. Мұнда тұратындардың әрқайсының жағдайы мәз емес. Сондықтан бұл біз үшін көлемді қаражат.

Жергілікті атқамінерлер су кернеуіш мұнарасының иесімен қыс түскенге дейін тағы бір келісіп көрерміз дейді. Бірақ, шенеуніктер бюждетте қосымша қаражат жоқтығын бірден кесіп айтты. Егер тұрғындар жарты бағасын көтереміз десе, мұнараны жөндеуге биыл кірісуге болатын көрінеді.

Айбек ҚОСАН