$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Сенаторлар электрсамокаттардың қозғалысын реттеуге қатысты түзетулерді мақұлдады

22.06.2023ж. 20:00
708
Сенаторлар электрсамокаттардың қозғалысын реттеуге қатысты түзетулерді мақұлдады

Электросамокаттардың қозғалысы енді заңмен реттеледі. Бүгін Заң жобасы Сенатта мақұлданып, Президенттің қол қоюына жіберілді. Қандай шектеулер енгізілгенін әріптесім Бекболат Сатуов айтып береді.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Бұдан былай мынадай электросамокатты тізгіндеудің тәртібі болады. Ол үшін енді жасыңыз 18-ден асқан және қолыңызда жүргізуші куәлігіңіз болуы шарт. Ал жол қозғалысына ілесу үшін арнайы шлем киюі қажет және түнгі уақытта жарық түсіретін белгілер тағу міндеттеледі. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен тротуарда самокатты сағатына 6 шақырым жылдамдықтан асырмау қажет.

Евгений БОЛЬГЕРТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Заңға сәйкес «Шағын электр көлік құралы» ұғымы енгізіліп отыр. Онда осы көлік түрінің техникалық сипаттамаларын және пайдалану тәртібін құқықтық регламенттей отырып, жүргізушілер үшін тыйым салулардың тізбесін белгілеу ескерілген. «Электрондық самокат» ұғымы енгізіледі және олардың жүргізушілеріне тиісті шектеулер болады.

Ал веложолақтар мен жол жиегінде сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықпен жүруге болады. Алайда депутаттар заңның дәл осы тұсына күмән келтіріп отыр. Полиция өкілі де жылдамдықты бақылау техникалық жағынан мүмкін емес екенін мойындайды.

Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өйткені қазір полицияда ондай технологиялар әзірге жоқ. Жол апаты болған жағдайда, полиция оқиға орнында арнайы сараптама жасайды. Сол арқылы самокаттың жылдамдығын анықтап, жүргізушіні жауапқа тартуға болады.

Самокат жүргізушісі заңға бағынбай, ереже бұзған жағдайда әкімшілік жаза қолданылып, 5 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Ал жол қозғалысы кезінде өзгеде талаптар бұзылып, жол-көлік оқиғасына себепкер болса ауыр жаза көзделген.

Қайсар СҰЛТАНБАЕВ, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл мәселеде жауапкершілік қатаң болады. Осы тұрғыда самокат жүргізушісін қамауға алу, жүргізуші куәлігінен айыру сияқты жаза ескерілген.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Жалпы бұл заңға қатысты сын әлі де көп. Дегенмен сенаторлар құжатты мақұлдап отыр. Себебі соңғы уақытта транспорттың осы түріне бақылау жасау әбден қиындап кеткен. Биыл 5 айдың өзінде самокаттардың қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам қайтыс болған.