Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Сот вайнерлер ісіне қатысты толық мән-жайды айтты

AstanaTV
24.06.2023ж. 08:08
1085
Сот вайнерлер ісіне қатысты толық мән-жайды айтты
Фото: alash.online

Сот вайнерлер ісіне қатысты толық мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы соттарына" сілтеме жасап. 

Бүгін сот MUDARABAH CAPITAL ісі бойынша үкім шығарды. 

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында қылмыстық топтың аса ірі мөлшерде ақша мен мүлікті жымқыра отырып, қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша (Қылмыстық кодекстің  217-бабы 3-бөлігі 1,2 тармағы), сондай-ақ ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу фактісі бойынша 12 айыпкерге қатысты қылмыстық іс қаралды (262-бабы 1-бөлігі, 2 ҚК).

Сот айыпкер К. 2019 жылы "Astex.kz" ЖШС-ны ашқанын және оны қылмыстық топтың мүшелері ағайынды М. және Е.-ге рәсімдеп, директоры етіп Р.-ны тағайындағанын анықтады.

Бұл тұлғалар салымшыларды тартумен айналысқан, олар ақшалай қаражатты қабылдап, сондай-ақ енгізілген салым сомасының 10 пайызын жаңа салымшыларды тартқан тұлғаларды көтермелеу үшін қолдану мақсатында бонустық бағдарламаны енгізген.

Бұл ретте салымшыларға салымдар бойынша дивидендтер ала және бөле отырып, олардың тендерлік жобаларға бағытталатыны туралы жалған ақпарат берілген.

Мұның орнына түскен ақшалай қаражат алынып, айыпкерлердің жеке шоттарына аударылған, ал жәбірленушілердің салым ретінде ұсынылған мүліктері "Astex.kz" ЖШС-нің есеп шотына ақша енгізбестен сатылып отырған.

Осылайша, жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде - 867,5 миллион. теңге сомасында материалдық залал келтірілді. Бұдан кейін айыпкер К. салымшыларды тартудың төмен деңгейіне қанағаттанбай, желілік маркетинг саласында тәжірибесі бар адамдарды қылмыстық әрекетке қатыстыру туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол желілік компанияларды дамыту дағдысына ие О.-мен (іздеуде) қылмыстық келісім орнатқан.

Нәтижесінде 2020 жылдың ортасында "MUDARABAH CAPITAL" ЖШС атты жаңа пирамида құрылды. Бұл науқан Ислам қағидаларына сәйкес келетін қаржы (инвестициялық) институты ретінде таныстырылып, жәбірленушілердің осы жоба сенімді деген жалған түсінігін қалыптастырған. "MUDARABAH CAPITAL" ЖШС құрылтайшыларының құрамына осы ЖШС-да әрбірінің 11-11,5 пайыз үлесі бар түрлі қылмыстық рөлдер берілген айыпкер Б., У., Ч., К., Ж., С. кірген.

Сондай-ақ, науқан қызметіне компанияның жұмысын насихаттау, үгіттеу, әлеуметтік желілердегі өз парақшаларында ЖШС жарнамасын жүргізу рөлдері берілген айыпкер Ш. және Т. да тартылған. Осы қаржы пирамидасының қылмыстық қызметінің нәтижесінде жәбірленушілерге аса ірі мөлшерде - 1 миллард теңгеден астам материалдық залал келтірілді. Сотта айыпкерлер кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы айыпты қолдап, соттан айыпкерлерге 5-12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ, прокурор сотта ҚК-нің 262 б., 2 б. (ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу) бойынша айыпкер Ш. және Т.-ға қатысты айыптаудан бас тартты. ҚК-нің 217 б. бойынша (қылмыстық топ құрамында қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету) 3 б., 1-т-дан 3 б., 2-т.-ға қайта ауыстыруды сұрады.

Сот үкімі бойынша 10 сотталушы ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысқаны, қаржы (инвестициялық) пирамида құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оларға қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде 6 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Айыпкер Т.және Ш. қаржы пирамидасын басқарғаны үшін кінәлі деп танылды және оларға қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны тағайындау кезінде кейбір сотталушылардың жас балаларының болуы жеңілдететін жағдайлар ретінде қарастырылды. Сондай-ақ сот жәбірленушілердің 1 861 752 441 теңгеден астам соманы қамтитын азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бүгін Алматыда Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысы бар адамдарға сот үкімі шыққан болатын.

Айыпталушы 12 адам. Оның ішінде, танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. 

Төребаев пен Шерниязовтан басқа сотталушылардың барлығы дерлік Қылмыстық кодекстің 262-бабы бойынша ("Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу") кінәлі деп танылды.

Вайнерлер тек 217-бап (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен күдіктілерге бас бостандығынан айырудың түрлі мерзімдері тағайындалды.

Сот үкімі бойынша Мейірхан Шерниязов бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға, Мейіржан Төребаев та тек бір бап бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға сотталды.

Astex.kz ЖШС басшысы Алмас Құрманғалиев - 14 жылға

қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі Дания Рахимова - 10 жылғ

қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар Ержан Мансұров - 9 жылға, Ерлан Мансұров - 9 жылға

Руслан Бурханов - 12 жылға

Mudarabah Capital қаржы пирамидасының бұрынғы қаржы директоры Тимур Рүстемов - 12 жылға

Mudarabah Capital құрылтайшысы Андрей Ча - 8 жылға

Mudarabah Capital құрылтайшысы Самат Қасенов - 8 жылға

заңгер Нұрлан Сұлтанбаев 8 жылға

Mudarabah Capital құрылтайшысы Біржан Жармұхамед 6 жылға бас бостандығынан айырылды.