Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Аймақтардан көшу бағдарламасы аясында Қызылжар өңіріне 129 отбасы қоныс аударған

AstanaTV
17.10.2016ж. 20:00
3813
Аймақтардан көшу бағдарламасы аясында Қызылжар өңіріне 129 отбасы қоныс аударған

Еңбек миграциясы жобасына сұраныс жоғары болғандықтан, биыл Қызылжар өңірі квота санын екі есе ұлғайтты. 10 айдың ішінде оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға 129 отбасы көшіп барған. Маман тапшылығы Шығыс Қазақстанның Риддер қаласында да сезіледі. Мұнда қоныс аударуға елдің түкпір-түкпіріндегі 700 отбасыдан өтініш келіп түсті. Шарапаты мол бағдарламаның жүзеге асуын тілшіміз Абзал Құрманкин саралап көрді.

Абдумүтәліп Усманов солтүстіктің сақылдаған сары аязын алғашқы рет қарсы алуға дайындалып жатыр. Отағасы отын-суын қамдап қойған. Усмановтардың Шымкенттен қоныс аударғандарына 6 ай болды. Бастапқыда баспана таба алмай, әуре болғанын отағасы жасырмайды. Алайда, кейін жергілікті шенеуніктер әкімдіктің иелігіндегі үйді ұсыныпты. Жағдайын реттеп алған отағасы ендігі жылы жер өңдеумен айналыспақ.

Абдумүтәліп Усманов, Смирнов ауылының тұрғыны:

Мына жерде жер берді 5 гектар. Соған осы жерде картоп, сәбіз, қырыққабат, соларды егіп, теплица да қолдан келеді. Сол ойдағыдай диқаншылықпен айналысамын деген ниетім бар.

Абдумүтәліп Усмановтың қызы Камила қазір аудандық әкімдіктің білім беру бөлімінде іс жүргізуші болып қызмет етіп жүр. Отанасы да қол қусырып отырған жоқ. Ол қарттар үйінде аспазшы. Усмановтар жанұясы батыл қадам жасағандарына өкінбейді
.

Қымбат Еркенова, Смирнов ауылының тұрғыны:

Коллективім өте тамаша, жақсы қабыл алды. Қиналған жоқпын. Көршілеріміз тамаша. Мына жақта қазақтар, мына жақта орыстар. Халықтары тамаша. Бізде Шымкентте орыстар онша жоқ қой. Мына жақта қалай қабылдайды деп қорқып едік. Жақсы.

Биыл Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктен 129 отбасы қоныс аударған. Бірақ, әлі де көшуге ниет білдіріп отырған тұрғындар жетерлік. Сондықтан қызылжарлық билік өкілдері квота санын ұлғайтуды жөн көрген.

Алма Махметова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Бізге көшкен 580 адамның 261-і жұмыс істеуге қауқарлы. Балалардың барлығы мектеп пен балабақшаға орналастырылған. Бастапқыда біздің облысқа 101 квота бөлінді. Бірақ, қосымша көшемін деушілер көп болғасын, біз квота санын 201-ге дейін арттырдық.

Бұл бағдарлама алғаш рет Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында да тәжірбие ретінде енгізілген еді. Мұнда екі жылдың ішінде 60 отбасы орналастырылған. Бірақ, келемін деушілердің саны бұдан 11 есе көп. Келесі жылы қоныс аударған мамандарға деп 60 пәтерлі үй салуды жоспарлап отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ, демекші, көпшіліктің арасында көтермеақыны алып, жауапсыздық танытқан адамдар да бар. Аққайың ауданына көшіп барған бір отбасы жағдайдың жоқтығын сылтауратып, қайтадан оңтүстікке тайып тұрған. Қазір жергілікті билік өкілдері қаражатты қайтару мәселесімен айналысып жатқандарын айтты. Айта кету керек, ортақ талаптарға сәйкес көтермеақыға ие болған отбасы бұл жерде кемінде 5 жыл тұруы тиіс.