$474.72 €515.17 ₽5.58
×

«Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы тиімділігін дәлелдеп отыр

AstanaTV
18.10.2016ж. 20:00
2455
«Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы тиімділігін дәлелдеп отыр

«Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Оның бір айғағы, партияның Қызылорда облысындағы аталған жобасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 920 миллион теңгенің 90 пайызға жуығы игерген. Аталған жоба аймақтың барлық аудандарын қамтиды. Әр ауданға шамамен 115 миллион теңге бөлініпті. Бұл бастамаға алғашқылардың бірі болып тәуекел еткен Қызылорда облысындағы Бесарық ауылының тұрғындары Бегей Молдабеков пен Асылхан Жұмаханұлы бүгінде ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып отырған өз алдына бір бір кәсіпкер. Кезінде жұмыссыздар қатарында тіркелген бұл отбасылар қазір несібесін кәсіптен тауып отыр. Шаруаларға несиені 6 айдан кейін, яғни кәсібін дөңгелетіп алған соң ғана өтеуге жағдай жасалған.

Бегей Молдабеков, Бесарық ауылының тұрғыны:

Алты миллионға жақын несие алып, соны малға айналдырып, соның жемісін жәймен көріп жатырмыз. Алты айға дейін тірлік жасауға болады ғой, істеймін дейтін адамға, бұл өте көп жеңілдік.

Асылхан Жұмаханұлы, Бесарық ауылының тұрғыны:

Бұның етін де, сүтін де, қазысын да саудаға шағырдым. Біз сияқты ауылда жұмыссыз отырғаннан кейін, бұл үлкен көмек болып отыр жастарға, әрі қарай жұмыс жасауға, әрі қарай жағдайын жақсартуға.

Ал, Жамбыл облысында жеке шаруа Ақбай Сайранбаев аталған жоба арқылы асыл тұқымды бұқаларды бордақылап отыр. Ол  2 млн 200 мың теңге несиеге 15 швед тұқымының ашатұяғын алған. 28 жастағы шаруа шілдеде 6 пайыздық үстемақымен несие алысымен, ірі қараны сонау Семей өңірінен алып келеді. Лезде бұқа малын бизнес көзіне балаған ол жем-шөбін жинап, қора-қопсысын қамдауға кіріседі.

Ақбай Сайранбаев, Байзақ ауылының тұрғыны:

Несиені алу мақсатым - мал шаруашылығын дамыту және өз отбасымды жұмыспен қамту. Несие өте тиімді. Жылдық пайыздық үстеме ақысы да көп емес, басқа банктерге қарағанда. Қазіргі таңда осы бұқалар 200 келінің үстінде ет береді.

Жыл басынан бері Байзақ ауданындағы 73 шаруа осы бағдарлама бойынша 236 млн 248 мың теңгеге несие алған.

Шарипа САҚТАПОВА