Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Қызылорда облысында 38 мыңнан астам жұмысшыға 3,9 млрд теңге экологиялық үстемақы төленбеген

AstanaTV
09.07.2023ж. 23:57
1626
Қызылорда облысында 38 мыңнан астам жұмысшыға 3,9 млрд теңге экологиялық үстемақы төленбеген

Олқылыққа жол берген жауапты мамандар мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары тәртіптік жауапқа тартылды.

Қызылорда облысында еңбек заңнамасының сақталуына прокурорлық тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 38 мыңнан астам жергілікті жұмысшының жалақысына экологиялық үстемақы қосылмағаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

«Заңға сәйкес, қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүргені үшін өңір тұрғындарына жалақыға отыздан елу пайызға дейін үстемақы төленеді. Бірақ соңғы үш жылда 38 820 азаматтың жалақысына 3,9 миллиард теңге экологиялық үстемақы төленбегені анықталды», - дейді облыстық прокуратура.

Прокуратура облыс әкіміне қадағалау актісін жіберген.

«Осыған байланысты Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атына құқықтары бұзылған азаматтарға экологиялық үстемақы төлеуді қамтамасыз ету туралы қадағалау актісі енгізілді. Қазіргі күні 12 925 жұмысшыға 1,1 миллиард теңге сомасында үстемақы төленді», - дейді ведомство.

Олқылыққа жол берген жауапты мамандар мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары тәртіптік жауапқа тартылды.