$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қарағандыда «Әлем халықтарының ертегілері» театр фестивалі басталды

AstanaTV
19.10.2016ж. 20:00
7099
Қарағандыда «Әлем халықтарының ертегілері» театр фестивалі басталды

Ертегілер әлеміне саяхат. Қарағандыда «Әлем халықтарының ертегілері» театр фестивалі басталды. Актерлар 3 күн бойы әлем халықтарының классикалық туындылары мен қазіргі заман шығармаларын сахналайды. Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара ғаламторға байланған балалар мен ата-аналарды ертегі оқуға шақырады. Қиял-ғажайып әлеміндегі жаңалықтар жайлы тілшіміз Айжан Қуаш әңгімелейді.

Мына ертегі «Отпен ойнама» деп аталады. Онда өрттің қауіпсіздігі баяндалады. Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры ұжымының төл туындысы. Қазіргі заманауи мультфильмнің батыр кейіпкері Спортокус достарымен бірге мысықтардың үйін өртеп жіберген жауыз Роббидің әрекетін әшкерелейді. Қойылымға орыстың «Мысықтың үйі» ертегісі мен шетелдік мультфильм кейіпкерлері топтастырылған. Ескі мен жаңаны үйлестірген актерлар талғампаз көрермендердің көңілінен шықты.

Бүгінгі спектакль өте керемет болды. Ойнаған адамдардың түр сипаты, костюмдары өте әдемі, күшті. Өте қызықты болды.

Жаңа қойылым да актерлар қазіргі балалардың ертегіге қызықпайтынын, есесіне батыстың мультфильмдеріне қызығушылығы жоғары болатынын ескерген. Сөйтіп, балаларды сүйікті кейіпкерлері арқылы сіріңкемен, отпен ойнаудан аулақ болуға шақырады.

Айбек Қырықбаев, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының режиссері:

Бәріміз де бала болдық. Отқа әуес болдық. Жаққанды қызық көреміз. Содан сақтандырады. Түсініктеме береді, от жаққан қалай болады.

Ал Жезқазған, Жаңарқа, Теміртау театрлары мен Қарағандыдағы музыкалық комедия және орыс драма театрлары классикалық туындыларды сахналады. Актерлардың айтуынша, қазіргі заманға сай драмалық шығармалар жазатын авторлар тапшы. Сондықтан ежелгі танымал ертегілерді сахналауға тура келген. «Ірімшікті барлық мысықтар жақсы көреді»,«Маугли», «Алладин», «Шырмауық» ертегілері балалардың көңілінен шықты. Ертегілер әлеміне саяхаттауға мектептер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері де келді.

Салтанат Айтбай, мұғалім:

Балаларға ертегі керек. Өйткені балалар өздеріне жақсы қасиет алады. Ертегі тыңдап өскен балалар адамгершілікке, ізгілікке жақын болып өседі.

Айжан Қуаш, тілші:

Әлем халықтары ертегілерінің фестивалі үш күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында актерлер орыс, қазақ, араб, венгр халықтарының классикалық туындыларын сахналайды. Қойылымдардың барлығы балаларды адамгершілік құндылықтарды бағалауға шақырады.

Айжан ҚУАШ