$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Ақтөбеде 5 маусымдағы терактіге қатысы бар деп айыпталғандар бойынша басты сот отырысы басталды

AstanaTV
24.10.2016ж. 20:00
2486
Ақтөбеде 5 маусымдағы терактіге қатысы бар деп айыпталғандар бойынша басты сот отырысы басталды

Ақтөбеде 5 маусымдағы терактіге қатысы бар деп айыпталғандар бойынша басты сот отырысы басталды. Жауапқа тартылып жатқандар 29 адам, олар теракт жасады, қылмысты хабарламады және жасырды деп айыпталған.  Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотындағы отырыс жабық жағдайда өтіп жатыр. Оған прокурорлар, адвокаттар мен айыпталушылар ғана қатысуда. Ал, куәгерлер мен жәбірленушілер тізім бойынша залға шақыртылып, жауап алынуда. Сот ғимаратының аумағы түгел қоршауға алынған. Көшеде көлік қозғалысы шектелді. Іске қатысы бар тұлғалардың қауіпсіздігі үшін кез-келген ақпарат құпия сақталады.

Илиада Досова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы:

Алдын ала тыңдауда сот мемлекеттік айыптаушының пікірін ескеріп, жәбірленушінің, куәнің немесе іске қатысатын басқа да адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік құпияларды қорғау мақсатында, қылмыстық істі жабық сот отырысында қарауға қаулы етті.

201 томнан тұратын қылмыстық істі қарау қанша уақытқа созылары белгісіз. Айыпталушы орындығында отырғандардың ең үлкені 33 жаста, ең кішісі жиырмадан енді асқан. 9 адам лаңкестік жасады және ұйымдастырды деп айыпталса,18 адам қылмыс туралы хабарламағаны және екеуі мәліметті жасырғаны үшін жауап бермек. Оларды 27 адвокат қорғап жатыр. Куәгерлер саны елуге жуықтайды.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басқарма басшысы Балғабек Мырзаев облыс түрмелеріндегі кітапханаларда мазмұны күмән тудыратын діни әдебиеттердің барын айтты.

Балғабек Мырзаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басқарма басшысы:

Жергілікті дін істері басқармасы немесе имамдар оларға барып көмектесуі керек. Сіздердің қолдарыңыздағы кітаптардың мазмұндары теріс пе, оң ба деген сияқты. Өкінішке орай, бұл жердегі кемшілік жергілікті атқарушы органдардың, оның ішінде дін істері басқармасы және осы өңірдегі «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының, имамдардың осындай жұмыстарға немқұрайлы қарағандығының көрінісі деп айтуға болады, шындығында.

Еске салсақ, 5 маусым күні лаңкестер Ақтөбедегі әскери бөлім мен қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуыл жасаған болатын. Қанды қырғында бірнеше бейбіт тұрғын мен әскерилер қаза тапты. Облыс аумағында террорлық қауіптің қызыл деңгейі енгізілді. Ал, артынша, ішкі істер министрлігі Ақтөбеде сойқан салғандардың теріс діни ағымды ұстанған радикалдар екенін ресми түрде мәлімдеді.