Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Дәрігерлердің салғырттығының кесірінен жұбайымнан айрылдым»,- тұрғын

25.07.2023ж. 20:00
717
«Дәрігерлердің салғырттығының кесірінен жұбайымнан айрылдым»,- тұрғын

«Дәрігерлердің салғырттығының кесірінен жұбайымнан айрылдым». Алматылық тұрғын осылай деп арнамызға жан айқайын жеткізді. Ауруханаға сау әйелін апарған Евгений Филиппов жарының мәйітін алып қайтты. Айтуынша, жүктіліктің 36-шы аптасында болған Екатерина Филиппова бұрын-сонды денсаулығына шағымданбаған. Үнемі медициналық тексерістен өтіп отырыпты. Күндердің бір күні тыным таппай шапқылап жүрген әйелдің іші ауыра бастаған. Сөйтіп 5-ші перзентханада 4 күн жатып шығыпты. Арада бір апта өткен соң, жүкті әйел тағы да өзін жайсыз сезініп, перзентханаға жеткізілді.

Евгений ФИЛИППОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ертеңінде әйелімді перинаталды орталыққа ауыстырғанын білдім. Оған кесарь тілігін жасаған екен. Сол кезде ғана жұбайымның ауыр жағдайда жатқанын естідім. Мекеме меңгерушісі Екатеринада бала кезінен денсаулығында ақаулары болғанын айта бастады. Одан кейін «компьютерлік томография жасайтын таныс бар ма» деп өзімнен сұрады. Дәрігерлердің бұл бассыздығын мүлдем түсінбедім. Сөйтіп, әйеліме компьютерлік томография нәтижесінде бас миының ісінуі диагнозы қойылды.

Осыдан кейін ақ халаттылардың арасында консилиум өтіпті. Алайда, көп ұзамай Екатерина көз жұмды. Нәресте аман қалған. Одан бөлек 6 және 7 жастағы баласы бар. Олар анасының о дүниелік болғанын әлі білмейді. Евгений дәрігерлердің салғырттығы деп санайды. Аурудың алдын алмағанына таңғалады. Ал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өздеріне шан жуытар емес. Сөздерінше, дәрігерлердің тарапынан ағаттық жоқ. «Қолдан келегеннің бәрі жасалды» дейді.

Назгүл ИМАНҒАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Науқас қалалық перинаталдық орталығында бас миының ісінуінен қайтыс болды. Басты диагноз - ауыр дәрежелі преэклампсиясы және HELLP-синдромы. Әйелдің әу баста ауруханаға кеп түскендегі жағдайы нашар болды. Жұбайына әйелі жайлы барлық мағлұматтар дер кезінде айтылып отырды. Жүкті әйел кәмелетке толған еді, сондықтан кесарь тілігін жасау жөнінде де күйеуінен рұқсат алуға қажеттілік болмады. Біздің тарапымыздан оқиғаға қатысты қажетті талдау жүргізілді.

Қайғыдан қан жұтқан Евгений Филипповтың көкейінде сұрақ көп. Бүгінде оның әділдік іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ол кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалайды. Алайда, полиция әзірге бұған қатысты іс қозғай алмайды екен. Себебі, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қорытындысын күту қажет.