$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада «Әлем. ХХІ ғасыр» жастар сессиясы басталды

AstanaTV
24.10.2016ж. 20:00
3050
Астанада «Әлем. ХХІ ғасыр» жастар сессиясы басталды

«Әлемге тек қана бейбітшілік керек». Осылай деп ұрандатқан жастар Астанада бас қосты. Арасында бірқатар шет мемлекеттердің өкілдері де бар. Олар бейбітшілік сүйгіш Қазақстанды ынтымақтастықтың Отаны деп біледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем ХХІ ғасыр» атты манифесін толық қолдайтынын айтады.

«Қазақстанның ядролық қарудан  бас тартуы, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесі деп білеміз», - дейді түркиялық жастар. Ең үлкен бақыт - ел ішіндегі тыныштық екенін, бүлікшілер билік басына шабуыл жасаған сәтте мықтап сезінгенін айтады. Сондықтан «болашақ біздердің, яғни жастардың қолында, ал жас буын әрдайым тек қана бейбітшілікті қолдайды» дейді.

Бура Абдулкерим, Әділет және даму партиясы жанындағы жастар қанаты төрағасының орынбасары /Түркия/:

Түркия жастары сіздің елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем ХХІ ғасыр» манифесімен жақсы таныс. Біз өздеріңізге мәлім, теріс пиғылдылар билікке шабуыл жасаған кезде ел тыныштығы аса қымбат екенін қатты сезіндік. Сондықтан тәуелсіздіктің жолында жастардың атқарар қызметі зор екенін ұғындық деп айта аламын.  Бүгінгі жастар сессиясы барысында біз Қазақ елінің жастарымен ортақ бірнеше келісімге келеміз деп  жоспарлап отырмыз.

Басқосуға Ресей, Қытай, Түркия, Беларусь, Қырғызстан, Германия, Әзірбайжан, Тәжікстан елдеріндегі жастар қанатының көшбасшылары келді. Арнайы сессия 27 қазанға дейін жалғасады. Жастар алдында сөз алған "Нұр Отан" партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, жастар - кез-келген елдің қозғаушы генераторы, сондықтан болашақ солардың қолында екенін атап өтті. Бүгінгі қоғамның қиындау шағымен, кей елдер ортақ мәмілеге келе алмай тұрған шақта жастар арасындағы түсіністік пен татулықтың маңызы зор, - дейді ол.

Фархад Қуанғанов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Экономикалық дағдарыс қаншама елдің экономикасын әлсіретті. Алпауыт мемлекеттер арасындағы санкциялар соғысы миллиондардың ісіне кері әсерін тигізуде. Қарулы қақтығыстар қырғи-қабақ соғыстың кей өңірлерде әлі толастамағанын көрсетті. Осындай шақта сіздердің ортақ мәмілеге келіп, дұрыс жол табуларыңыз болашақта тікелей тыныштықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.