$450.79 €482.21 ₽5.05
×

Қытай Коммунистік партиясының VI пленумы аяқталады

AstanaTV
27.10.2016ж. 20:00
2392
Қытай Коммунистік партиясының VI пленумы аяқталады

Бүгін Қытай компартиясының алтыншы пленумы аяқталады. Саяси бюро мен орталық комитет өткен 5 жылды қорытындылап, алдағы уақытта іске асатын реформаларды жоспарлайды. Сарапшылар бұл жиынның алда болатын  XIX съезге дайындық екенін айтады. Си Цзиньпиннің қалыпты саяси өзгерістеріне жаңалық әкелуі мүмкін дейді.

ЗКТ  Күн тәртібіне сәйкес, саяси бюро мен орталық комитеттің есебі тыңдалып, ішкі тәртіпті қатаңдату мәселесі көтеріледі. Бұл құрғақ ақпараттың ар жағында талай құпия жатыр. Сондықтан пленум жабық жағдайда өтуде. Әдетте мұндай жиында ел басқару ісіне байланысты маңызды шешімдер қабылданады.

Дүкен Мәсімханұлы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қытай тілі кафедрасының меңгерушісі:

Бұл келесі жылы болатын XIX съезге дайындық. Яғни XIX съезде Си Цзиньпиннің бірінші срогы бітеді. Екінші срогы басталады. Яғни екінші мерзімге кету үшін ол орталық комитет, саяси бюро бәрі мақұлдау керек. Сол барыста мақұлданбай қалады ма деген немесе ары қарай басқа да бір жағдайлар болып кетеді ма дегеннің дайындығы.

Бұдан бөлек пленумда келесі болып билік басына келетін мұрагерді белгілеу процесі де жүреді деген дерек бар. Олардың есімі құжатта көрсетілмесе де, көпшілікке мәлім көрінеді.

Әділ Каукенов, саясаттанушы:

Ху Чуньхуа да бір кездегі Си Цзиньпин сияқты байқау талаптарынан өтуде және өзге кандидаттарға қарағанда биліктен үмітті. Қазір бақылаушылар оның есімін нық сеніммен айтып жатыр. Бұл пленумда  Ху Чуньхуа қайтадан бір лауазымға тағайындалып, 6-шы буынның 5 жылдан кейін болатын билікті қабылдау жолында еңбек етеді.  

Қытай белгілі бір дәстүрлерге негізделген мемлекет. Сондықтан қазіргі билік басындағы тұлға қаншалықты мықты көшбасшы болса да заңдылықты бұзуға жол берілмейді дейді сарапшы. Экономикалық қуаттылығы жағынан әлемде екінші орын алатын, халық саны жағынан көш басындағы аспан асты елі әр қадамын аңдап басуды әдетке айналдырған.

Әділ  Каукенов, саясаттанушы:

Менің ойымша, саяси дәстүрдің өзгеруі екіталай. Жылдар бойы бұл жүйе беки түскен. Әр басшы 10 жыл билік басында болады. Басқарудың ұжымдық нұсқасы жалғасады. Ху Чуньхуа бастаған жаңа толқын болашақта ел билеуге дайындалып жатыр. Сондықтан қазіргі билік басындағылар Қытай саясатындағы тұрақты балансты өзгертуге бара қоймайды. Бұл 5 жыл Си Цзиньпин үшін соңғы мерзім.

Си Цзиньпинді биліктегі «жаңа толқынның» жалғыз өкілі десе де болады. Сондықтан оның белгіленген 10 жылдан ұзағырақ отыруды жоспарлауы да бек мүмкін. Ол үшін теориялық тұрғыдан келесі XIX съезде саяси бюро мен орталық комитеттің негізгі бөлігін өз ырқына көндіруі керек. Бірақ, оқиға басқаша өрбуі де ғажап емес дейді қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы. Бұл саяси ойында халықтың пікірі де маңызды рөлге ие.

Дүкен Мәсімханұлы,  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қытай тілі кафедрасының меңгерушісі:

Си Цзиньпин билікке келгелі бері халық өзін адам ретінде сезіне бастады. Бұрын қарапайым басшылар, ауыл әкімі, мысалы, халықпен сөйлеспейтін. Соншалық патша сияқты сезінетін өзін. Қазір басшылар халықтың үйіне барып жағдайын сұрайтын халге жетті. Демек 10 жылдан кейін қайтадан жалғастырып жатса, оған таң қалуға да болмайды. Ол мүмкін халықтың қалауымен болуы мүмкін.

Си Цзиньпиннің орнына кім келеді, жалпы жаңа басшы таныстырыла ма? Ол тура бір жылдан кейін өтетін XIX съезде белгілі болады, - дейді мамандар. Бұл уақытқа дейін биліктің ауысуы темірдей тәртіпке бағынып келген. Ал 2022 жылы орын алатын үдерістер әзірге басы ашық күйде қала бермек.

Айбек ҚОСАН