$482.86 €533.17 ₽5.08
×

"Ұрпақ сүйгім келмейді. Бала өсіргенше, шетелде саяхаттаған дұрыс", - тұрғын

16.08.2023ж. 20:00
1283
"Ұрпақ сүйгім келмейді. Бала өсіргенше, шетелде саяхаттаған дұрыс",  - тұрғын

Шәуіт шылбырын кесіп, шалқып өмір сүруге болады. Осындай қадамға барып жатқан жігіттер бар қазір. Ал біреулер сол ұрыққа қол жеткізе алмай жүр. Жатырына салдырып, бала туып беруді бизнес қылатын аналар көбейген. Болашағына балта шауып жүрген бөріктілер мен жатырын жалға беретін қаракөздерді тілшілеріміз тауып, тілдесті.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

- Аға мынаған қой деші, көке маған тәтті алып берші
- Қойыңдаршш. Шуламаңдар.
- Бір күн бала баға қойып едім. Миым ашып кетті ғой. Жауапкершілігі үлкен сияқты. Әрқайсысын асырып, жетілдіру де оңай емес. Балалы болмас үшін не істеуге болады екен?

Асылбектің де ойы осындай болған. Ұрпақ сүймеудің жолын іздеген. Медицинаның мүмкіндігін барын білді. Өз еркімен қадам жасады.

Асылбек, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен өзімнің бала-шағам болғанын қаламаймын. Өйткені ол артық шығын деп ойлаймын. Балаға жұмсаған ақшаның орнына өзің неге өмір сүрмеске. Басқа елдерге шығып, ел көріп жер көріп, неге ойыңдағыдай көлік алмасқа, үй алмасқа, өзіңнің бизнесіңді ашып өмір сүрмеске. Мысалы, Құдай сақтасын енді бірақ мен өліп қалсам балаға кім қарайды.

Болашағына бас қатырмайтындар дәрігер жағалап, кеңес алады екен. Көп ойланбастан шешім қабылдайтындары бар. Ақхалаттылар ақыл айтып, дегендерінен айнытуға тырысамыз дейді. Алған беттерінен қайтпайтындарға амалсыздар қызмет көрсетеді екен.

Олжас ИМАНҒАЛИҰЛЫ, ДӘРІГЕР-УРОЛОГ:

Өз өміріне балта шабу ғой былайша айтқан кезде. Өз ұрпағын өзі өлтіру ғой. Мұндай іске баратын адам емес надан деп айтсақ болады да. Ол өзінің адами құндылығын жоқ қып жатыр. Шәуіт шылбыры дейміз ғой, соны кескен соң ол жерден табиғи жолмен ұрықтың шығуы одан кейін болмайды. Одан кейін қанша ұрық жасағаннан кейін де ұрық шықпауы мүмкін.

Жастар кез келген нәрсенің астарына үңілмейді. Тез әрекет етуге тырысады. Қателікке бой алдырғанын кеш түсінеді. Психолог Балабек Сақтағанов осылай деп отыр.

Балабек САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Біздің дүниетанымымыз, психикамыз өзгеріп тұратындықтан бұндай түбегейлі шешім қабылдаудың асығыс екенін айтуымыз керек оларға.

Табиғи құбылысқа қарсы шығуды кім болмасын құптамайды. Бала сүю- бақыттың биік шыңы. Көпшіліктің пікірі де осыған саяды.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Дін тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да өте қате деп ойлаймын өз басым. Қанша адам бар бала сүйе алмай жүрген. Бір жағынан қымбатшылықта шығар оған әсер ететін.
- Балалы болу үлкен мәртебе. Біз балалы болуға тырысуымыз керек. Балалы үй базар деген.
- Вдруг ертен ол біреудің баласына қарап желаниесі ашылатын шығар. Уақыт өте кеш екенін түсінеді ғой.

Сүндет ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Шәуіт шылбырын кесіп, шалқып өмір сүруге болады. Бірақ ұрпағы жалғаспайтынын ұғынып жатқан жоқ.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Біреу оны керек қылмаса, енді біреулер осы ұрыққа қол жеткізе алмай жүр. Ал кейбірі тіпті оны салатын жатырдың өзін сатып алады. Мен енді суррогат ана туралы айтам. Қазір аналық ұрығын ақшаға айырбастап, жатырын жалға беретіндер көп.

Ғаламторды ашсаң, біреуге бала тууға әзірмін деген хабарламадан көз сүрінеді. Жарнамасы жер жаратындардың дені - 18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Жатырын жалға беретіндердің «ставкасын» білу үшін, бірнешеуіне қоңырау шалдық.

Гонорарым 3 миллион негізі. Негізі басында көтерген кезде 1,5 миллион теңге береді да. Туғаннан кейін 1,5 миллион береді. Прям, кәдімгідей договормен болады. Ай сайын еще 100 мың теңге.

Бұл қызметке сұраныстың жоғарылығы сонша, қазір әр қалада заңды түрде суррогат ана орталығы жұмыс істейді. Ондағылардың айтуынша, елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндердің саны артуда. Жылына, шамамен, 100-200 отбасы құрсақ ана көмегімен балалы болады – дейді.

Дамира БЕКБЕРГЕНОВА, ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Болам деген қыздар көп. Біз алатынымыз 25 жастан 33-34 жасқа дейін ғана аламыз. Жас қыздарды алмаймыз. Потому что, психологиясы дайын емес. Олар басында ақшаға қиналып жатқан кезінде, жарнама көргеннен кейін, ақшасы төленеді дегеннен кейін келеді. Бірақ не осознает.

Жатырды «жалға» алу мен берудің тәртібі "Неке және отбасы туралы" Кодексінің тоғызыншы тарауында жазылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. Сондай-ақ, «жалдамалы» ана мен тапсырыс беруші азаматтың арасындағы келісім шарттар осы заңнамаға сәйкес жасалады – дейді заңгер.

Олжас ЛЕКЕРОВ, ЗАҢГЕР:

Суррогат ана 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек. Үшіншісі ол – суррогат ананың бір туған сау баласы болуы керек.

Қойылатын талаптың қатаңдығына қарамастан, елімізде «құрсақ ана» болуға құштар әйел көп. Елімізде бұл қызмет алғаш пайда болған жылдары тапсырыс берушілер сәби үні үшін 1 немесе 2 бөлмелі пәтерге дейін ақы берген. Қазір өзгенің перзентін көтеріп беруге дайын адам көбейген соң, нарықта олардың құны арзандапты.

Кәмилә ОМАРБЕКОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Бұл енді біздің мұсылмандығымызға, салт-дәстүрімізге келмейтін зат. Бұл қыздар ақша табамын деп өзінен шыққан баланы сату деген – ол тәрбиесіздік. Тұқым болмай жатқан жаңдайда да жетімдерді асырап алуға болады. Бар ғой жетімдер үйінде тастап кеткен балалар.

Расымен жатырды жалға беру шариғатқа қайшы. Дін өкілдері суррогат жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады – дейді.

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ, ҚМДБ ЖАНЫНДАҒЫ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Жалға берілетіндей адамның құрсағы, бұл рұқсат берілген зат емес. Біреу өзінің үйін, өзінің көлігін, өзінің ыдысын жалға беруге болады. Ал әйелді, некелі әйел өзінің ғана күйеуіне халал болады.

Көп мемлекетте құрсақ ана қызметіне қатаң тыйым салынған. Мәселен, Австрия, Германия, Франция, Норвегия, Швеция және АҚШ-тың кей штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» жол жоқ. Сондықтан сәбилі болуға қауқарсыз шетелдіктер біздің елге ағылады. Әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан және іргелес Ресейдің азаматтары көп келеді.