Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

4 миллион: Елімізде суррогат ана саудасы қызып тұр

16.08.2023ж. 20:00
1069
4 миллион: Елімізде суррогат ана саудасы қызып тұр

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Біреу оны керек қылмаса, енді біреулер осы ұрыққа қол жеткізе алмай жүр. Ал кейбірі тіпті оны салатын жатырдың өзін сатып алады. Мен енді суррогат ана туралы айтам. Қазір аналық ұрығын ақшаға айырбастап, жатырын жалға беретіндер көп.

Ғаламторды ашсаң, біреуге бала тууға әзірмін деген хабарламадан көз сүрінеді. Жарнамасы жер жаратындардың дені -18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Жатырын жалға беретіндердің «ставкасын» білу үшін, бірнешеуіне қоңырау шалдық.

Гонорарым 3 миллион негізі. Негізі басында көтерген кезде 1,5 миллион теңге береді да. Туғаннан кейін 1,5 миллион береді. Прям, кәдімгідей договормен болады. ай сайын еще 100 мың теңге.

Бұл қызметке сұраныстың жоғарылығы сонша, қазір әр қалада заңды түрде суррогат ана орталығы жұмыс істейді. Ондағылардың айтуынша, елімізде бөтен әйелдің көмегімен бала сүйгісі келетіндердің саны артуда. Жылына, шамамен, 100-200 отбасы құрсақ ана көмегімен балалы болады – дейді.

Дамира БЕКБЕРГЕНОВА, ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Болам деген қыздар көп. Біз алатынымыз 25 жастан 33-34 жасқа дейін ғана аламыз. Жас қыздарды алмаймыз. Потому что, психологиясы дайын емес. Олар басында ақшаға қиналып жатқан кезінде, жарнама көргеннен кейін, ақшасы төленеді дегеннен кейін келеді. Бірақ не осознает.

Жатырды «жалға» алу мен берудің тәртібі "Неке және отбасы туралы" Кодексінің тоғызыншы тарауында жазылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген. Сондай-ақ, «жалдамалы» ана мен тапсырыс беруші азаматтың арасындағы келісім шарттар осы заңнамаға сәйкес жасалады – дейді заңгер.

Олжас ЛЕКЕРОВ, ЗАҢГЕР:

Суррогат ана 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек. Үшіншісі ол – суррогат ананың бір туған сау баласы болуы керек.

Қойылатын талаптың қатаңдығына қарамастан, елімізде «құрсақ ана» болуға құштар әйел көп. Елімізде бұл қызмет алғаш пайда болған жылдары тапсырыс берушілер сәби үні үшін 1 немесе 2 бөлмелі пәтерге дейін ақы берген. Қазір өзгенің перзентін көтеріп беруге дайын адам көбейген соң, нарықта олардың құны арзандапты.

Кәмилә ОМАРБЕКОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Бұл енді біздің мұсылмандығымызға, салт-дәстүрімізге келмейтін зат. Бұл қыздар ақша табамын деп өзінен шыққан баланы сату деген – ол тәрбиесіздік. Тұқым болмай жатқан жаңдайда да жетімдерді асырап алуға болады. Бар ғой жетімдер үйінде тастап кеткен балалар.

Расымен жатырды жалға беру шариғатқа қайшы. Дін өкілдері суррогат жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады – дейді.

Сансызбай ҚҰРБАНҰЛЫ, ҚМДБ ЖАНЫНДАҒЫ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Жалға берілетіндей адамның құрсағы, бұл рұқсат берілген зат емес. Біреу өзінің үйін, өзінің көлігін, өзінің ыдысын жалға беруге болады. Ал әйелді, некелі әйел өзінің ғана күйеуіне халал болады.

Көп мемлекетте құрсақ ана қызметіне қатаң тыйым салынған. Мәселен, Австрия, Германия, Франция, Норвегия, Швеция және АҚШ-тың кей штаттарында мұндай «жалған ата-аналыққа» жол жоқ. Сондықтан сәбилі болуға қауқарсыз шетелдіктер біздің елге ағылады. Әсіресе Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстан және іргелес Ресейдің азаматтары көп келеді.