Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағандыда «террорлық акт ұйымдастырмақ болды» деп айыпталған 8 күдікті сот залына әкелінді

AstanaTV
31.10.2016ж. 20:00
2864
Қарағандыда «террорлық акт ұйымдастырмақ болды» деп айыпталған 8 күдікті сот залына әкелінді

Қарағанды облысында "лаңкестік ұйымдастырмақ болған" деген күдікпен қамалған 8 адамға қатысты сот отырысы жабық өтетін болды. Ендігі процесс қарашаның 15-іне белгіленді. Бұл туралы бүгін Қазыбек би атындағы арнайы мамандандырылған сотта өткен алдын ала тыңдауда айтылды. Айжан Қуаш тарқатады.

Айжан Қуаш, тілші:

Таңертеңге жоспарланған отырыс түсте бір-ақ басталды. Оған БАҚ өкілдерімен бірге айыпталушылардың әйелдері де қатысты. Күдіктілерді бүгін сот залына арнайы жасақтар әкелді.

Бізге белгілісі, олардың барлығы Балқаш қаласының тұрғындары. Тек үшеуі ғана ресми жұмыс істеген, қалғандары жұмыссыз. Көбісінің техникалық жоғары және орта білімдері бар. Ең жасы 26, ал үлкені 36 жаста. Барлығы отбасы құрған 2,3,4-тен балалары бар. 8 күдікті де террорлық топ құру, ұйымдастыру, оның жұмысына қатысу, халықты қорқыту, мемлекеттік органдардың қызметіне кері әсерін тигізу, заңсыз суық қару сақтау секілді бірнеше баптарымен айыпталып отыр. Күдіктінің төртеуі ағайындылар. Соны бірінің қорғаушысы барлығы кінәларын мойындап, тергеумен келісімге келгенін мәлім етті.

Ғалым Нұрпейісов, қорғаушы:

Олардың барлығы бастапқыда бұны ойын ретінде қабылдаған. Құқықтық салдарын көрген соң,  қаншалықты ауыр екенін тергеу кезінде ғана түсінді. Лаңкестікке дайындалғандары, қатысқандары және топ құрғандары рас. Оны менің қорғалушым да мойындап отыр. Мұндай жайттар Ақтөбеде, Алматыда бой көрсеткенін білеміз. Сондықтан осындай оқиғалардың себебін анықтауымыз керек, мәселе - осында.

Айжан Қуаш, тілші:

Тағы бір маңызды ақпарат - тергеу орындары Балқаш қаласында күдіктілер жасырған 4 бірдей жарылғыш зат тапқан. Олардың салмағы 11 келі. Дәстүрлі емес дін өкілдері сонымен бірге екі джиһад белдігін жасапты. Олардың бірін Гүлшат елді мекенінде сынау кезінде солардың бірі қаза тапқан.

Тергеу материалдарына сүйенсек, күдіктілер техникалық білімдерінің арқасында бұл заттардан жарылғыш заттар жасап, Қазақстан аумағында теракт жасамақ болған. Алайда, қамаудағылардың жұбайлары ондай ауыр айыптармен келіспейтіндерін білдірді.

Индира Жұмашева, Балқаш қаласының тұрғыны:

Оларды кінәлайтындай еш нәрсе көрген емеспін. Екеуінде де 4,4-тен кішкентай баладан бар. Енді білмеймін, ақылға салатын адам ондай нәрсе істейді деп ойламаймын.

Айжан Қуаш, тілші:

Атышулы іс бойынша негізгі сот отырыстары қарашаның 15-інде басталып, 4 күн қатарынан өтетін болды. Айыптаушы тарап судьядан куәгерлер мен қатысуышылардың қауіпсіздігі үшін ол процестерді жабық өткізуді сұрады.