MLS + MX Лигасы кубогінің финалдық матчы аяқталды. Финалда «Нэшвилл» командасы «Интер Майами» ұжымымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Championat.com сайтына сілтеме жасап.
Командалар Нэшвилдегі (АҚШ) «Геодис Парк» стадионында ойнады. Матчтың негізгі уақыты тең есеппен аяқталды – 1-1. Матчтан кейінгі пенальти сериясында «Интер Майами» футболшылары мықтылық танытты.
Бүгінгі матчтағы жеңісінің арқасында «Интер Майами» MLS + MX Лигасының кубогіне қол жеткізді. Бұл – Лионель Мессидің жаңа клуб құрамындағы алғашқы жетістігі. Осылайша, аргентиналық футболшы кәсіби мансабындағы 44-ші атағын иеленіп, футбол тарихындағы ең титулы көп ойыншы атанды.
Бүгінгі ойынға келер болсақ, Месси бірінші таймда гол соқты, сондай-ақ пенальти сериясында да қақпаға доп кіргізіп, мықтылығын дәлелдеді.
Бүгінге дейін Месси қоржынында 43 титул бар еді. Мансабын аяқтаған бразилиялық қорғаушы Дани Альвес та осынша титул олжалаған. Енді аргентиналық ойыншы 44-ші атағына қол жеткізіп, көш басына шықты.