Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қызылордада алты қабатты тұрғын үй бес жыл бойы табиғи газға қосыла алмай келеді

AstanaTV
03.11.2016ж. 20:00
2933
Қызылордада алты қабатты тұрғын үй бес жыл бойы табиғи газға қосыла алмай келеді

Қызылордада 6 көпқабатты тұрғын үй табиғи газға қосыла алмай келеді. Облыс орталығындағы 200 отбасы газ баллондарын пайдаланып отыр. Ал қауіпсіздік талаптарына сай көппәтерлі үйлерде сұйытылған газ қолдануға болмайды. Жандарын шүберекке түйген тұрғындар, басқа амалымыз қалмады, деп отыр. Үйдің іргесіндегі құбыр неге пәтерлерге тартылмай отыр? Шарипа Сақтапова анықтады.

Талмаш Қалипаева ай сайын 2 баллон сұйытылған газ сатып алады. Аймақта кішкентай баллон мың екі жүз теңге болса, үлкені екі мың екі жүз. Одан жеткізудің өзі мұң, - дейді қала тұрғыны.

Талмаш Қалипаева, қала тұрғыны:

Менің көрген күнім осы, баллон тасимын, үйге әкеліп беретін адам жоқ. Бірде иығыма салып көтеріп апарсам, қайтарда ауыр болған соң аяғыммен теуіп алып келем. Көмектесетің адам жоқ, балам-инвалид екі жылдан бері, анау коляскасы тұр.

Үйде отырып-ақ тапсырыспен алдыруға болар еді. Алайда газ баллондарын тасымалдайтындар бас тартқан. Өйткені көпқабатты үйлерде сұйытылған газ пайдалануға болмайды. Табиғи газ құбыры бұл үйлерге бірнеше жыл бұрын жүргізіліпті. Құбыр 6 үйдің іргесінде тұрғанымен, пәтерлерге әлі тартылмаған. 

Оразай Тәжекеев, қала тұрғыны:

Енді осы газдын монтажын, бәрін әкеліп қойғанына қазір 4-5 жыл болды. Осыдан қаншама халық үміттеніп, газ келді деп қуанып едік, әлі осы уақытқа дейін ешқандай результат жоқ. Баллонымыздың бәрі тасымал, кейде анау заправкалар құймайды, баллондар этаж үйге не положен деп, баллон бермейді.  Кіргізіп ал десе, бәрі дайын халықтың қазір кіргізіп алуға. Қаланың орталығанда отырып, газ пайдалана алмай отырмыз

Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мәселені шешуге болатынын айтты. Тұрғындар газды үйге тарту үшін керекті қаражатты жинап, ҚазТрансГазАймақ компаниясына өтініш жасаса болғаны деп отыр.

Медет Усайын, Қызылорда облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Аталған тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі бойынша алдын-ала  есептемелер жүргізген болатынбыз ішкі газ құбырларын жүргізу бойынша. Қазіргі таңда әрбір пәтерге шаққанда 44 мың теңге мен 45 мың теңгенің арасында қаржыны құрап отыр. Бұл қаржыға ішкі газ құбырларын жүргізу, яғни құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, бұл шығынға газ есептегіш құралы мен газ плиталары қаралмаған.

Ал осы түсіндіру жұмыстары тұрғындар арасында осы кезге дейін неге жүргізілмегені, шешу жолдары неге айтылмағаны - түсініксіз. Егер әр пәтерге газ тартылса, қызылордалықтар боллон тасу әлегінен бұрын, газдың жарылу қауіпінен құтылатын болды. 

Шарипа САҚТАПОВА