$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Республика бойынша 24 мың студентке жатақхана жетіспейді

06.09.2023ж. 20:00
1100
Республика бойынша 24 мың студентке жатақхана жетіспейді

Жатақхана тапшылығы биыл да толық шешілген жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінен білім алам деген 23 мыңнан астам студент жатын орынсыз қалды. Ал жалға берілетін пәтер құны әдеттегідей оқу жылы қарсаңында қымбаттап кетеді. Жауаптылар тәлімгерлерді жатын орынмен қамтамасыз ету үшін арнайы хостелдермен келісімшарт жасасты. Қалаға бірінші рет келген студенттерге ол жер ыңғайлы ма, ай сайынғы төлемі қанша? Әріптесім Ақбота Базарбай айтып берсін.

Ұл-қызым оқысын деп балаларын қалаға жіберген ата-аналардың уайымы азаймай тұр. Жоғарғы оқу орнына түскендер мен білім алып жатқан студенттердің барлығын жатын орынмен қамтамасыз ету мүмкін емес. Өткен жылы жатақхана тапшылығы 89 мың орын болса, бұл жылы көрсеткіш 70 мыңға жуықтаған. Студенттер үйінің ай сайынғы құны 3 мыңнан 20 мыңға дейін барады, ал келісімшартқа отырған хостелдердің ақысы айына 30 мың мен 60 мың теңге. Ал пәтер жалдау тіпті қиын, қалта көтермейді.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Квартиралар Астанада шамамен 150-200 мыңға дейін жетеді. Ал қалғандары жағдайы нашар болып келеді. Ауыр соғады, әрине.
- Мен өзім жатақханада жатамын, бірақ универдің жатақханасы емес "дом студентов" Бейбарыс сұлтандағы жатақханада жатамын. Былайша мына универдегі жатақхана арнайы льготалармен қарастырылған.
- Қазір ақша табу жағынан возможносттар көп. Мен өзім қазір онлайн жұмыс жасаймын. Сондықтан басқа қыздармен бірге пәтерді жалдау проблема болады деп ойламаймын лично өзіме.

Биыл 106 мыңнан астам студент жатақханамен қамтамасыз етілген. Десе де, республика бойынша әлі 24 мың студентке тұрақ керек. Орын тапшылығы, әсіресе, Алматы, Астана қалаларында байқалады.

Ақерке АБЫЛАЙХАН, ҚР ҒЖБМ ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНАН КЕЙІНГІ БІЛІМ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әрбір университеттің жатақханаларға орналастыратын өзіндік алгоритмы бар. Жатақханаларды бөлу мәселесінде бұл жерде ең басты басымдылық мына әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға, сонымен қатар үлкен қалаларға арман қуып келген 1 курстың жастарына осы жатақханадан орын беру мәселесінде басымдылық беріледі.

Жатақханадан орын алмаған студенттерді жауаптылар ескіше "хостел", қазіргі тілмен айтқанда студент хаустарға орналастырмақшы. Айтуларынша, онда шәкірттерге барлық жағдай жасалған. Жақын арада жаңа 10 мың орынға лайықталған жатақханалар студенттердің пайдалануына берілмек.

Айнұр САҒЫНДЫҚОВА, «ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ІЛГЕРІЛЕТУ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі таңда 2600 орындық 6 жатақхана қазіргі күні іске қосылды. Қалған 6000-нан астам 26 жатақхана 2023-тің жылдың соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

Еліміздің барлық өңірлерінен Астана мен Алматыға ағылатын студенттер легін азайту үшін биыл өзге аймақтарға мақсатты гранттар бөлінген. Соның нәтижесінде былтыр 33 мың тәлімгерге орын тапшылығы сезілсе, бұл жолы оның саны едәуір аз дейді жауаптылар.