Атырауда «Сармат» мектеп –лицей интернаты ашылды. 300 орындық білім ошағында жаратылыстану-математика бағытын тереңдетіп оқытып қана қоймай, оқушылар әскери-бейіндік пәндер бойынша да дәріс алады. 150 оқушы жаңа мектептің табалдырығын аттады.
Таңғы жаттығу, әнұран, сап түзеу. Бұл білім ордасында бәрі әскердегіше. Оқушылар сосын ғана сабаққа кіріседі. Мұнда жаратылыстану-математика бағытында тереңдетіп оқытумен қатар әскери бейіндік пәндер өтеді. Спорт, өнер, домбыра үйірмелері де бар. Әскери бағытқа дайындайтын мектеп ашылатынын білгенде қатты қуандым,- дейді Фархат.
Фархат МОЛДАШ, ОҚУШЫ:
Өзім де қуанып кетім, ата-анам да қуанды. Сабағыңды жақсы оқы деп, қолдауын білдірді. Осы мектепті аяқтап ұлттық қауіпсіздік комитеті маманы болғым келеді. Әскери өмірді, жатақханадағы өмірді барлығын үйретіп жатыр.
Мектеп-интернат облыстық болғанымен, еліміздің өзге қалаларынан да келіп, сынақ тапсырып түскендер бар. Өйткені мұндай мектеп елімізде санаулы, ал батыс өңірінде- жалғыз. Оқушылардың бәрі жатақханада жатады. Бос уақыт жоқтың қасы. Жан-жақты дамуға мүмкіндік мол.
Нұрлан ЕЛЕУОВ, МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мектеп-лицей интернаттың басты міндеті жасөспірімдерге жоғары деңгейде білім беріп қана қоймай, батылдық, төзімділікке, табандылық, қайсар мінез, жоғары мәдениетке,отанның нағыз патриоты етіп тәрбиелеу. Лицей түлектері болашақта еліміздің күштік құрылымдарында адал еңбек ететінін офицерлік корпусты толықтырады деп есептеймін. Жарғы бойынша, 5 пәннен 3тік алған бала мектептен шығарылады. Және оқушының физикалық дайындығы да назарға алынады.
Жас өскіннің бойына біліммен бірге, ұлттық һәм әскери тәрбиені сіңіру арқылы еліміздің нағыз жанашыр азаматын дайындаймыз,- дейді ұстаздар қауымы. 300 балаға арналған мектеп-интернатта әзірге 150 оқушы білім алып жатыр. Келер жылы 7-сынып оқушыларын қабылдамақ.