Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Композитор Қалдыбек Құрманәлінің тұңғыш фотоальбом-кітабы жарық көрді

07.09.2023ж. 20:00
813
Композитор Қалдыбек Құрманәлінің тұңғыш фотоальбом-кітабы жарық көрді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор – Қалдыбек Құрманәлінің тұңғыш фотоальбом-кітабы жарық көрді. Онда туындылары қазақ музыкасының алтын қорына енген композитор әндерінің сөздері мен ноталары жазылған.
Сондай-ақ кітапта Қалдыбек Құрманәлінің өмірінен сыр шертетін естеліктері мен бұрын-соңды басылым беттерінде көрінбеген фотосуреттер бар. Ән сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген композитор шығармашылығы жайлы белгілі қайраткерлердің жылы лебіздері мен тілектері де жарияланған.

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, КОМПОЗИТОР, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
Мен бұл кітапқа екі жыл бойы дайындалдым. Екі жыл бұрын менің жүрегіме күрделі ота жасалды. Сол кезде ойландым: Қанша ғұмырым бар? Кітапты кім шығарады?.. Ұлдарым бар, қыздарым бар. Бірақ енді өз әніңнің тағдырын өзіңнен артық ешкім білмейді ғой. Әндерім – менің перзентім сияқты. Халыққа жеткені бар, жетпегені бар. Мойындалғаны бар, әлі әншісін таппағаны бар. Сондықтан ойлана келе, осы кітапты шығарайын дедім.
 Қалдыбек Құрманәлі дүниеге әкелген туындыларды еліміздің атақты әншілері орындап жүр. Әрбір әні жеке қойылым іспеттес композиторды халық Шәмші мұрасының шырақшысы деп атап кеткен. Тұсаукесер кешіне жиналған бірқатар қоғам қайраткерлері кітапқа жоғары бағасын берді.

Аягүл МИРАЗОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Бұл өте керек. Бұл Қалдыбектің өзіне ғана керек емес, ол біздің халқымызға керек, бұл біздің ұрпағымызға керек өсіп келе жатқан. Сондықтан мұндай дүниелер көптеп келсін.Әрине, композиторлер көп қой. Бірақ композиторлердің де композиторы болады, шоқтығы биік. Мен Қалдыбекті сол жағынан өте бір құрметтеймін. Қалдыбек-халықтың адамы, нағыз қайраткер, нағыз майталман композитор.