"Астана" телеарнасының көрермендері үшін жағымды жаңалық! 11 қыркүйектен бастап арнамызда ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы "Қаһарман" атты телесериал көптің назарына ұсынылады. Шынайы оқиғаларға негізделген. Қызықты сюжеттік желілерге толы туынды қалың жұртты бей - жай қалдырмайтыны анық. Айта кетейік, телехикая Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен түсірілді.
Үміт, арпалыс және көзсіз батырлық. Санаулы күндерден кейін көрермендер ерлікті ту еткен өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің өмірі және қызмет жолымен жақынырақ таныса алады. Ол өткен жылы Астанадағы қызыл жалынға оранған пәтерлердің бірінде көз жұмған еді. "Түсірілім барысында өрт сөндірушілердің жұмысы қаншалықты ауыр әрі жауапкершілікке толы екенін түсіндім",- дейді басты рөлді сомдаушы актер Жандос Сейдалин.
Жандос СЕЙДАЛИН, АКТЕР:
Бұл жоба қазіргі заманның батырлары - өрт сөндірушілер, құтқарушылар жайында, соларға арнап, солардың ерліктерін, жұмыстарын дәріптеп, қазіргі жастарға батырлық қасиетті енгізетіндей жоба екенін айтқым келеді. Мен осы жобада Асқар Забикулиннің рөлін сомдаймын. Көрерменнің көңілінен шығатын дүние болатынына сенімдімін.
Жоба авторларының айтуынша, бұл қарапайым халықтың тілек-сұранысымен дүниеге келген туынды. Жүздеген хабарлама алған соң, олар Асқар Забикулиннің жұбайынан рұқсат сұрап, сериалды түсіруге бел буған. Түсірілім жұмыстары бір айдан астам уақыт бірнеше қалада жүрді.
Айдар КӘРІМБАЕВ, АТҚАРУШЫ ПРОДЮСЕР, СЦЕНАРИЙ АВТОРЫ:
Әдетте, өрт сөндірушілер жайлы көп айта бермейміз, олар туралы ештеңе білмейміз ғой. Сондықтан осы бір мамандықтың қыр-сырын жан-жақты етіп жеткізгіміз келді. Бұл сериалда Асқар Забикулиннің қызметі ғана емес, отбасы жайы, махаббаты, достары, білім алған университетін де көрсетеміз. Бұл өте өзекті туынды, әсіресе, жастарға қызықты болады деп ойлаймын.
Көптен күткен "Қаһарман" сериалы қыркүйектің 11-інде қалың көрерменге жол тартады.