Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қарағандыда құлағалы тұрған үй тұрғындары баспананы апатты деп тануды сұрайды

AstanaTV
09.11.2016ж. 20:00
3187
Қарағандыда құлағалы тұрған үй тұрғындары баспананы апатты деп тануды сұрайды

Қауіпті баспана. Қарағандыда қаланың қақ ортасында әбден тозығы жеткен үй бар. Оның күн өткен сайын шөгіп бара жатқанынан шошыған тұрғындар баспаналарын ресми түрде апатты деп тануды сұрайды. Алайда, биліктегілер баспана мәселесін шешу тұрғындардың өз шаруасы деп отыр.

Бұл үйді соғыстан кейін жапондар салған екен,- деседі тұрғындар. Бүгінде оның ескіргені сонша, іргетасы мүжіліп, қабырғаларының ара жігі ашылып кеткен. Мұндай үйде қалудың қауіпті екенін тұрғындар жақсы біледі. Бірақ басқа барар жері жоқ.

Әу баста ағаштан салынып, кейіннен кірпішпен қапталғандықтан болар, соңғы 30 жыл шамасында бұл үйдің ахуалы мүлде кері кете бастаған. Ғимараттың шөгіп кеткені соншалық, тұрғындар подъезге еңкейіп кіреді.

Үйдің ішіндегі көрінісі мүлде адам шошырлық. 1-інші қабатттағы отбасылар пәтерлері жөндеуге келмегендіктен, күдерін үзіп үйге қарауды қойған. Өйткені әбден шіріп кеткен қабырғалар мен еденді қалпына келтіру мүмкін емес,- дейді олар.

Евгения Петренко, Қарағанды қаласы Қазақстан көшесі №32 үй тұрғыны:

Еденді қанша рет ауыстырып, қанша рет жөндегенім есімде жоқ. Көктемде су толып кетеді, шіриді. Қабырғаларға сүйенуге қорқасың.

Ал, екінші қабатта тұратын Галина Нежданова әлі де пәтерін сақтап қалуға тырысып бағуда. Бүкіл отбасымен осында қалған әйел қауіпті баспанада аман-есен тұрудың амалдарын ойластырып, күнелтуде.

Галина Нежданова, Қарағанды қаласы Қазақстан көшесі №32 үй тұрғыны:

Бас амандығы үшін неше түрлі айла таптық. Қабырғаны үлкен тақтайшалармен тіреп қойдық. Төбеге де жапсырдық. Құлап жатса, аз да болса қорғар деп. Өте қорқынышты.

Тұрғындар бірнеше жылдан бері әкімдіктен үйлерін апатты баспаналар қатарына енгізуді сұрап келеді. Алайда, биліктегілер баспана мәселесін шешу олардың өзінің проблемасы деп отыр.

Сәлжан Балаубаев, Қарағанды қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі бастығының орынбасары:

Ол тұрғындардың меншігіндегі үй. Сондықтан өздері қарауы тиіс. Біз тек төтенше жағдай болса ғана, комиссия құрып, техникалық жағдайын сараптаймыз. Тығырықтан шығудың бір жолы бар, яғни тұрғындар лицензиясы бар тәуелсіз сарапшы жалдап, үйдің апатты екені туралы құжат алуы тиіс.

Ал заңгерлердің пікірі әкімдік өкілдеріне қарама-қайшы. «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілі Ирина Фурсова апатты үйлердің тұрғындарына көмектесу тікелей әкімдіктің мойнында екенін айтады.

Ирина Фурсова, Қарағанды қаласы «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының заңгері:

Мұндай жағдайда, әкімдік, төтенше жағдай қызметі өкілдері сарапшылармен бірге үйді қарап, апатты екені туралы шешім шығарады. Содан соң үй бұзылады. Егер адамдардың басқа жеке меншік пәтерлері жоқ болса, әкімдік оларды тұрғын үй кезегіне қоюы тиіс. Оған дейін уақытша баспана беру қарастырылады.

Қазақстан көшесіндегі 32-інші үй тұрғындарының жекеменшік сарапшы жалдап, үйді бағалатуға қаражаты жоқ. Әлеуметтік жағдайлары төмен. Сондықтан құзыретті орындардан көмек сұрайды. Олар оқыс жағдайдың кез келген сәтте орын алуы мүмкін екенін айтып, үрей құшағында өмір сүріп келеді

Айжан ҚУАШ