$498.34 €519.72 ₽4.85
×

"Жамбыл облысы шаруаларының шығыны өтеледі",-Ә.Смайылов

19.09.2023ж. 20:00
695
"Жамбыл облысы шаруаларының шығыны өтеледі",-Ә.Смайылов

Жамбыл облысы шаруаларының шығыны өтеледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Ол толассыз жаңбырдан зардап шегіп отырған дихандар да назардан тыс қалмауы қажет деді. Астықты айдың соңына дейін жинап алуды тапсырды. Премьер-министр егін жинау науқанына байланысты тағы қандай тапсырма берді? Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Биыл елімізде дәнді-дақылдың 40 пайызы ғана қамбаға түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров оған қолайсыз ауа райы кесірін тигізді деп отыр.

Айдарбек САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Негізгі астық егетін аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған ұзақ жауын-шашын өзінің кесірін көрсетті, бұл жаңа түсімнің сапасының нашарлауына, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкелді

Қазір -егін орағының нағыз қызған шағы. Сондықтан жұмысты жеделдету қажет деді,- үкімет басшысы. Астықты айдың соңына дейін жинап алуды тапсырды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Энергетика министрлігімен бірлесіп астықты кептіру үшін дизель отынын бөлу мәселесі пысықталды. 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде өтінімдерді қабылдау басталды. Әкімдіктердің деректері бойынша дизель отынына жалпы қажеттілік 73 мың тоннаны құрайды, оның бағасы литріне 250 теңгеден аспауы қажет. Барлық элеваторлардың күні-түні жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды. Астық кептіру тарифтерінің өсуіне жол бермеу өте маңызды.

Сондай-ақ, үкімет басшысы жауапты ведмостволар бірігіп агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізуі қажет деді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік корпорациясы нан өндірісіне қажетті арзандатылған бидайды жеткізу кестелері қайта қаралсын деді. Ал шығынға шаш етектен баттық деген жамбылдық дихандарға үкімет резервінен қаржылай көмек берілетін болды.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз бүгін Жамбыл облысының шаруаларына шығынды өтеу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулы қабылдаймыз. Қаржы министрлігі мен өңір әкімдігі облыстың зардап шеккен егіншілеріне төлемдердің тез арада жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Көлік министрлігі мен Қазақстан темір жолы компаниясы шаруаларды астық таситын вагондармен уақытылы қамтамасыз етуді қолға алсын деді. Ол теміржолдағы ұзын-сонар кезекті алдын-алатынын айтты.