Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Лилия Рахқа қатысты сот үкімі шықты

AstanaTV
10.11.2016ж. 20:00
2888
Лилия Рахқа қатысты сот үкімі шықты

Бүгін Алматыда Қазақстандағы сән әлемінің өкілі, кәсіпкер Лилия Рахқа қатысты сот үкімі шықты. 7 жылға сотталған Рах әу баста "адам ұрлауға тапсырыс берді" деген күдікке ілініп құрықталған еді. Оның сыбайластары да ұзақ мерзімге жаза арқалады. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлының репортажы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алмалы аудандық соты бүгін жиырма күнге созылған сот процесін аяқтады. Жақында 55 жасқа толатын бизнес леди алдағы 7 жылын түрмеде өткізуі мүмкін. Адам ұрлап, оны азаптады деп айыпталған Лилия Рахтың кінәсі толықтай дәлелденді деген прокурор оған 7,5 жыл жаза беруді сұраған еді. Бүгін судья Қуаныш Әріпов үкімді жария етті.

Қуаныш Әріпов, Алмалы аудандық  №2 сотының судьясы:

Сот Лилия Робертқызын Қылмыстық кодекстің 125 бабы 2-ші тармағы бойынша айыпты деп тауып, оған 7 жыл үкім кесіп, дүние-мүлкін тәркілеуге шешім шығарды. Барлық сотталғандардың түрмеде отыру мерзімін ұсталған күннен бастап есепке алынады.

Мен келіспеймін. Мен енді өмір сүрмеймін.


Лилия Рах сот залында осылай дауыс көтеріп үкіммен келіспейтінін білдірді. Оның сыбайластары жазадан құр қалмады. Өзбекстандық азаматты ұрлап әкетті деп айыпталған Мири Пазға 7 жыл, Ислам Месировке 8 жыл үкім кесілді. Жәбірленушіні пәтерде қинап ұстады деп айыпталған Бақыт Шалабаевқа сот 8  жыл берді. Соңғы екеуінің адвокаттары сот барысында тараптардың өзара ымыраласқанын айтқан еді.

Владимир Хан, Л. Рахтың қорғаушысы:

Біз бастапқыда-ақ бұл судьяға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды сұрағанбыз. Бірақ бұл талабымыз ескерілмеді. Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ. Алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіреміз.

Ал жапа шектім деп арызданған Хамро Суванов сот барысында бастапқы айтқандарынан айнып қалды. Ол өзін ұрлауға Лилия Рахтың қатысы жоқтығын мәлімдеген еді. Тиісінше ломбардта тұрған жерінен ұстап әкеткендердің ішінен Мири Паз бен Ислам Месировті танығанын айтты. Бірақ оларды да кешіргенін айтып соттан барлығын босатуды сұраған.

Хамро Суванов, жәбірленуші:

Мен, шын мәнінде, мұндай үкім шығарылады деп ойламадым. Келіспеймін.  Мен сот барысында Лилия Рахтың кінәсіз екенін айтып, соттан оны босатуды сұрадым. Ал өзгелеріне қатысты ештеңе айта алмаймын.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Лилия Рах - Қазақастандағы ірі сән үйлерінің иесі. Танымал кәсіпкер қарызға ақша алған әріптесін ұрлап, оны азаптауға тапсырыс берді деп айыпталған. Бірақ сот барысында екі баланың анасы кінәсін мойындаған жоқ. Керісінше, соттан өзін босатуды бірнеше рет сұрады. Айта кетейік, осы қылмысқа қатысы бар делінген «төрттікке» Қылмыстық кодекстің 125 бабы, яғни топтасып алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау, азаптау деген айыптар тағылған. Даулы іске әлі нүкте қойылған жоқ. Сотталушылар алдағы 10 күнде қайта шағымдана алады.

Ришат Асқарбекұлы