$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 223 жол-көлік оқиғасы болды

27.09.2023ж. 20:00
1944
Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 223 жол-көлік оқиғасы болды

Алматыда мопедтің қатысуымен тағы бір жол апаты болды. Қос дөңгелекті көлікті тізгіндеген жасөспірім жүк көлігіне барып жаншылған. Ауыр соққыдан әлгі бала сол жерде жан тапсырды. Бұқара мопедтерге қатысты заңды күшейтпесе, мұндай оқиғалар азамайды деп отыр. Биылғы жылдың өзінде 223 көлік апаты тіркелген екен. Бұл - дабыл қағарлық жағдай.

Жантүршігерлік жол апаты қаланың Алатау ауданында болған. Жүк көлігінің жүргізушісі Бағаналы Орда көшесінің қиылысында оңға бұрыла бергенде, қарсы бағыттағы кәмелетке толмаған баланың басқаруындағы мопедпен соқтығысқан. Салдарынан 17 -дегі жасөспірім тілге келместен көз жұмды. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша іс тіркелді.

Соңғы кездері қалада ерсілі-қарсылы ағылған мопедтерді жиі көреміз. Қайырхан Мұратов - 20 жаста. Мопедті 1 жылдан бері тізгіндеп жүр. Кейде артық тиын-тебен табу мақсатында осы арқылы жеткізу қызметін атқарады. «Мопедтің артықшылығы – кептелісте тұрмай, діттеген жеріне көзді ашып жұмғанша жетіп алуда»,- дейді ол. Алайда, мұның қауіпті тұстары барын да мойындайды.

Қайырхан МҰРАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Машиналар қысып кетеді кейде. Кейде өз жолыңмен келе жатасың, өзіңнің правилаңмен келе жатасың, бірақ машиналар келіп, көрмей қалуы мүмкін, түйіп кетуі мүмкін деген сияқты. Кәдімгі көлік құралы ретінде қабылдаған дұрыс.

Заңға сәйкес, 16 жасқа толған әрбір азамат мопед тізгіндей алады. Ол үшін жүргізуші куәлігі де қажет емес. Мопед қозғалтқышының көлемі 50 кубометрден асса ғана, ол көлік құралы ретінде танылады. Жаяу жүргіншілер, тіпті, мопед айдаушылардың өздері де бұған өз қарсылықтарын білдірді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Көп случай көрдім, мопед мопедпен соғылып, не мопед машинамен соғылып. Жаяу жүрген кезде тротуармен жүріп кетуі мүмкін. Ол өте қауіпті. Мені жақында мопед соғып кете жаздады. Сондықтан нақты айта аламын, чтобы мопедке де право орналастыру керек.
- Мопедистер көбінесе тротуармен светофорды айналып өтуі үшін правиланы бұзып, өтіп кетеді. Пробкада да машиналарды обгон жасайды. Тем самым опасность болады, өздеріне де и машина водительдарына да. Ол ыңғайсыз ғой любой адамға. Сол үшін заңды қатаңдату керек.

Көлік айдаушылардың да мопедистерге деген өкпесі қара қазандай.

Ернат ӘНУАРҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көп кедергі келтіреді. Әсіресе, кішкентай балалар. 16-17 жастағы правосы жоқ балалар жолдың ережесін білмейді, қалай болса солай айдайды. Сол себептен ДТП көп болады. Өздерінің өміріне қауіпті. Каска кимейді. Заңды қатаңдату керек. Право алдырып кәдімгідей.

Өткен айда электр самокаттар ресми көлік құралы деп танылған болатын. Ал мопедтер бұған ілікпей қалды. Қазір «Жол жүрісі туралы» заңына өзгертулер енгізіліп жатыр. Әзірге, Мәжілістің қарауында. Дегенмен, қазірдің өзінде мопед тізгіндеушілер бірнеше талапты қатаң сақтауы қажет. Оны бұзған жағдайда айыппұл салынады.

Салтанат ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Мопедтердің жүргізушілеріне, әрине, қандай да бір талаптар бар. Мысалы, мопед тізгіндеген адамның міндетті түрде сақтық жабдықтары болуы керек. Басында шлемі бар, егер қараңғы уақытта жол жүретін болса, бір белгілері бар жарық беретін. Сондай элементтер міндетті түрде болуы тиіс. Мопедтің үстінде 5-6 болып мініп алып жүру рұқсат етілмейді.

Мегаполисте жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 223 жол-көлік оқиғасы болған. Нәтижесінде 8 адам көз жұмып, 240 адам дене жарақаттарын алды. Бұл- алаңдатарлық статистика, дейді мамандар.