$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылжарда Жамбыл Жабаев көшесінде тұратын студенттер университетке тура баратын автобусқа зәру

AstanaTV
14.11.2016ж. 20:00
3256
Қызылжарда Жамбыл Жабаев көшесінде тұратын студенттер университетке тура баратын автобусқа зәру

Қызылжарда кей студенттер үшін университетке тура баратын қоғамдық көлік болмағандықтан, жаяу, кейбірі бірнеше автобуспен қатынауға мәжбүр. "Нұр Отан" партиясының қоғамдық қабылдауына келген жергілікті университеттің оқытушысы Мұрат Ахметжанов қысты күні жағдайдың қиындай түсетінін айтты. Мәселен, Жамбыл Жабаев көшесінен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне қатынайтын қоғамдық көлік жоқ. Бірнеше автобусқа мініп-түсу жастардың қалтасын қағады, дейді ол. Ал шығынды көтере алмайтын студенттер сары аязға қарамастан, бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Бұл мәселе жоғары оқу орнының жатақханасында тұратындарға да қатысты. Себебі олар Жамбыл көшесінің бойында орналасқан орталық стадион мен қазақ драма театрына жете алмай әуре.

Мұрат Ахметжанов, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы:

Қазтеатрда қойылым кешке таман қойылады. Сонда олар жаяу 30-40 минутта жетеді. Ал тура баратын автобус жоқ. Олар пересадкамен барғанда ыңғайсыз болады. Ақша жақтан 65 теңге, сонда бір барып келуіне біраз ақша кетеді. Қарасай стадионы, ДЮСШ Виктория, Қазтеатрға.

«СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе қала тұрғындарын баяғыдан бері мазалап келеді. Студенттермен қатар, университеттің маңайында жұмыс істейтін түрлі кәсіпорын жұмысшыларының да бас ауруына айналған, дейді олар. Жаңа автобус бағытын құру үшін жолаушылар тасымалдау компанияларының арасында бірнеше мәрте байқау жарияланған болатын. Алайда, күні бүгінге дейін бұл жұмысты қолға алуға ешкім ниет білдірмепті.

Галина Семенова,«СҚО автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

Автобус бағыты тиімді болу үшін халық көп шоғырланатын орындарды неғұрлым көбірек қамтуды жөн көрдік. Қалалық әкімдік бірнеше мәрте байқау жариялады. Бірақ, ешкім көнбеді. Бәлкім, экономикалық жағдай тұрақталғасын біреу ынта білдірер. Егер де кім де кім бұл бағытты іске қосамын десе, оған жолаушыларды жинауға 2 ай уақыт беріледі.