Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«АрселорМиттал Теміртауды» мемлекет меншігіне алу рәсімі аяқталуға жақын - Үкімет басшысы

31.10.2023ж. 20:00
606
«АрселорМиттал Теміртауды» мемлекет меншігіне алу рәсімі аяқталуға жақын - Үкімет басшысы

Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Костенко атындағы шахтада болған оқиғаларды тергеп жатыр. Қылмыстық іс Бас прокурордың бақылауында. Газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтада алғашқы тексеру жүргізілді. Ауысым қызметкерлерінен, басшылық пен жауапты қызметкерлерден жауап алынды. Апаттың себебін тексеруге шетелдік сарапшылар тартылды. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, шахта жұмысында көп заң бұзушылық анықталған. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып, 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылыстары қираған. Қазір оқиға орнында 7 шағын комиссия жұмыс істеп жатыр деді.

Сырым ШӘРІПХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.

Премьер-министр шахталардағы адам өліміне әкеп соққан апаттарға кәсіпорын басшылығы кінәлі дейді. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Зардап шеккендердің денсаулықтары қалыпқа келтіріледі. Ешкім назардан тыс қалмайды деді Үкімет басшысы.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.