Атырауда "заңсыз митинг
ұйымдастырды" деп айыпталған қос белсендіге қатысты үкім шықты. №2 қалалық
соттың судьясы Гүлнәр Дәулешова, Макс Боқаев пен Талғат Аянның әрқайсысына 5
жылдан бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Олар жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейтін
болды. Сонымен қатар 250 АЕК көлемінде айыппұл төлеп, 3 жыл қоғамдық қызметпен
айналысуға тыйым салынды.
Белсенділерді
қолдауға тума-туыстарынан өзге, Атыраудан және елдің түкпір-түкпірінен халық
көп жиналды. Сот залына сыймағандар көрші бөлмедегі монитордан бақылады.
Естеріңізге салайық, осы жылдың 21 сәуірі күні Атыраудағы Исатай мен Махамбет алаңында Жер кодексіне
қатысты өткен митинг кезінде көзге түскен Макс Боқаев пен Талғат Аян Қылмыстық кодекстің 3 бірдей бабы бойынша айыпталды. Ол - әлеуметтік араздықты қоздырды,
митинг өткізудің тәртібін бұзды және жалған ақпарат таратты деген айыптар. 31
мамырда қамауға алынған олар өздеріне артылған кінәні мойындаған жоқ.
Базаргүл
НӘДІРҚЫЗЫ