Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының ауруханасы мидағы қатерлі ісікті ерте анықтауға көмектесетін препарат шығару жобасын сәтті іске асырды, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл туралы Президент Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев ресми Telegram-арнасында жазған.
«Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының маңызды жаңалығы бар. Клиниканың жанындағы Ядролық медициналық орталық мамандары 11С-метионин радиофармацевтикалық препаратын шығару жобасын сәтті жүзеге асырды. Томографияны 11C-метионинді пайдалану мидағы қатерлі ісікті ерте диагностикалауға мүмкіндік береді, ол ісік көлемін анықтауда «алтын стандарт» ретінде мойындалған», - деп жазды ол.
Айбек Дәдебаев аталмыш мекеме бұған дейін Циклотронды кешенде екі радиофармацевтикалық препарат өндіре бастағанын атап өткен.
«Дәрігерлер айтқандай, әлемдік тәжірибеде ауруханалар жыл сайын бір немесе екі препарат қана шығаратынын ескерсек, бұл біздің аурухана үшін үлкен жетістік. Осылайша, қатерлі ісік ауруларын ерте бастан табу мен емдеу бағытында үлкен нәтижеге қол жетіп отыр», - дейді Айбек Дәдебаев.
Оның мәліметінше, бүгінге дейін Ядролық медициналық орталықта 4 мыңға тарта адам диагностикадан өткен.