Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Ақ» пен «қараның» айқасы

AstanaTV
03.12.2016ж. 20:00
2536
«Ақ» пен «қараның» айқасы

Осы аптада Нью-Йоркте шахматтан әлем чемпионы анықталды. Дәлірегі -  норвег Магнус Карлсен чемпиондық атағын сақтап қалды. Ол ресейлік Сергей Карякинмен ойнаған. Басында көбі Карлсеннің жылдам жеңетінін болжаған. Бірақ Карякин осал болмай шықты. Негізгі 12 партия 6:6 болып аяқталды. Ақыры тай-брейкке шықты - алғашқы екі рапидте тең түсті, соңғы екі рапидте Карлсен жеңді. Сөйтіп, чемпион чемпион болып қалды. Ол жеңісі үшін 550 мың еуро алады, ресейлік шахматшы 450 мың. Бірақ Карлсен 8-партиядан кейін өткен баспасөз мәслихатынан тұрып кетіп қалғаны үшін 5 пайыз айыппұл төлейді... Екеуі де жап-жас - екеуі де 26-да, бір сүйкімдері бар, заманға сай бет-бейне... Алғырлық пен өжеттік, жеңіске деген құштарлық көрініп тұр. Бастысы, миларын жұмыс істеуге үйреткен – осының бәрі тамсандырып ғана қоймауы тиіс...Осы шахматтың не құдіреті бар? Логикаға, тереңнен ойлауға үйретеді дейді. Бірінші кезекте сабырға емес пе? Айтпақшы, осы аптада Жансая Әбдімәлік Польшаның Ворцлав қаласында әйелдер арасында өткен халықаралық турнирде бірінші орын алған.

Айбек Қосан, тілші:

Осыдан 1500 жыл бұрын пайда болған ойынды ақылдылардың ала тақта үстіндегі айқасы деп атайды. Шахмат – миға арналған гимнастика. Паскальдің пікірі. Бұрын бізде көпшіліктің күнделікті ойыны болған, уақыт өте көмескіленіп, қазір қайта жанданып келеді. 16 тастан бөлінген ақ пен қараның айқасында қандай құпия бар? Жалпы шахмат бізге не береді? 

Ерлер арасында Нью-Йоркте сарапқа салынған «тәждің» иесі белгілі. Ол Магнус Карлсен. Норвегиялық бұл жолы да өзінің үздік ойыншы деген атаққа лайық екенін анық дәлелдеді.  NRK ақпарат тарату ұйымының мәліметінше, бұл кездесуді басынан аяғына дейін әлем бойынша 764 мың адам тапжылмай тамашалаған көрінеді. 2015 жылға дейін «Қазақстан Шахмат Федерациясын» «Самұрық Қазына» АҚ қаржыландырып келген, қазір «Шаһмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры»  бас демеуші болып отыр. Бірден айтайық, қоғамдық ұйым болған соң мұнда мемлекеттен тікелей қаражат бөлінбейді,- дейді Гүлмира Дәулетова. Өзге федерацияларға ұқсап қолдаушылардың арқасында өз күнін өзі көріп отыр. Бірақ өкіметке өкпелемейді. Нарықтық қоғамның талабы сол.

Гүлмира Дәулетова,  «Қазақстан Шахмат Федерациясы» директорының орынбасары:

Министрлік тек Қазақстан құрамасының мүшелеріне жәрдем береді. Оларды жарыстарға жібереді. Мысалы бізде 2 жылда бір рет Азия чемпионаттары болады командалық түрде және әр 2 жыл сайын олимпиада өткізіледі. Бұрын көптеген сыйақы болмайтын. Қазір осы Есенов Ғалым Шахмарданұлы келгеннен кейін сыйақы көзделіп отыр. Әр жыл соңында ең үздік спортшыларға сыйақы беріледі. Және әлем не Азия чемпионы болса, оған жасөспірімдерге жекелей сыйақы және жарыстарға баратын гранттар бөлінеді.

 2017 жылы федерацияның ұйымдастыруымен 21 жарыс өтпек. Оның 17-сі республикалық, 4-уі халықаралық дәрежеде. Мұндай жарыстарда ел намысын қорғайтын жеткіншектер бар. Солардың бірі алматылық  Айша Закирова. Өткен жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлемдік жарыста үздік ондықтан көрінсе, биыл 1 орынға көтерілді. Спортшылары мықты дейтін Ресей, Үндістан, Словения мен Моңғолияның жастарын артқа қалдырған. Бұл жеңісті жолымның бастамасы,- дейді 8 жастағы чемпион.

Айша Закирова, 8 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионы:

Бірінші орын алу менің арманым болатын. Мен оны 5 жасымнан бері армандағанмын. Анам айтты, сен өзің қате жіберме, күт, сол кезде жеңесің деп айтты. Қазақстан жүлде бойынша 4-орын алды. 2017 жылы Бразилиядан 1-орын аламыз деп ойлаймыз.

Оралда тағы бір үміт артарымыз өсіп келеді. 11 жастағы Лаура Әбділдаева түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Ол да төрткүл дүниенің жас шеберлері қатысқан талай сайыстан  жүлдемен қайтқан. Арманы гроссмейстер дәрежесін алу. Тіпті, бәсеке алдында білгеніңді пысықтау өз алдына, психологиялық демалыс та аса қажет,- дейді.

Лаура Әбділдаева, шахматтан халықаралық жарыс жүлдегері:

Партияға дайындалғанда көбірек ұйықтау керек жарыс кезінде. Өйткені ұйқы қанғанда жақсы ойланасың. Ойын 4-5 сағат өтуі мүмкін. Сол үшін шаршамау керек. Өтйкені басында жақсы болып келе жатқанда, Шаршағаннан ұтылып қалуың мүмкін.

Шахмат қауымдастығының мәліметіне сәйкес балалар мен жасөспірімдер арасында үздіктердің тізімінде Жансая Әбдімәлік, Назерке Нұрғали, Жанат Сайын, Әмина Қайырбекова, Айша Закированың есімдері аталады. Бұл шахматшылардың бірқатарында жеке демеушілері де бар көрінеді. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік деген ұғым бар. Яғни, кейбір компаниялар қолдауды өздеріне алады. Бұл да спортшылар үшін үлкен көмек. Аталған тізімде соңғы уақытқа дейін тағы бір талантты қыз Бибісара Асаубаева да тұратын. Оның анасы Лиана Таңжарықова Қазақстандық федерацияның ай сайын бөлетін 33 000 теңгесін місе тұтпай, 55 000 мыңға көтеруді сұрап, кейін арты шуға айналып, ақыры Ресей Федерациясының спортшысы атанды. Тіпті, ауыса сала жарысқа қатысып, көрші елдің туын желбіреткен жеңіске жетті. Аузына анасы салды ма, әлде пәтер сыйлаған мемлекетті бірден жақсы көрді ме, әйтеуір мынадай сұхбаты шықты, көп кешікпей:

 «Маған ресейлік спорттық киім үлгісі ұнайтын. Мен оларға қарап, менде де осындай форма болса ғой деп қоятынмын. Әсіресе, Бразилияда Қазақстанның атынан қатысқан кезімде, бірінші орын алып, марапаттауға шығарда қатты армандадым. Менде әзірге бұл форма жоқ, бірақ Батумиде бірінші орын алып, Ресей әнұранын естігенде бойымды ерекше сезім биледі. Маған бұл әнұран қатты ұнайды», - дейді шахматшы қыз.

Бибісара 2013-2015 жылдары аралығында Астана әкімдігіне қарасты «С.Х.Омаров атындағы шахмат клубынан» 7 млн 608 мың 436 теңге көлемінде қаржылай қолдау алып келген...

Айбек Қосан, тілші:

Сыныққа сылтау көп қой. Дәл осы материалды тамашалап отырып, баланы қай мектепке апарамын? Оған уақыт тапшы, қосымша ақша керек деген шешілмейтін мәселелерді ойлап отырған шығарсыз. Жаңа технологияның жақсылығы осындайда сізге көмек болар. Мысалы, қазір шахмат ойынының тарихынан бастап, онлайн жүйе арқылы өзгемен ойнауға болатындай етіп жасалған бағдарламалар плэй маркетте де, ап сторда да тұр. Тіпті, болмаса мағынасыз атыс-шабыстың орнына соны жүктеп беруге «қауқарыңыз» жететін шығар?! 

«Баламды медресеге біл деп бердім» - дегендей, ұрпағын ақылды, зерек қылып өсіргісі келетін ата-аналар баршылық. Оның үстіне қазіргінің қыз-ұлы тым гиперактивті болы кетті дегенді жиі естиміз. Аида Донсебаева ұлын шахмат үйірмесіне 1,5 жыл бұрын берген.

Аида Донсебаева:

Мен ана ретінде баламның осы ойынға жазылғаны қуантады. Бір байқағаным ол сабырлы, шыдамды бола түсті. Логикалық ойлау жүйесі дамыды. Соның арқасында мектептегі бағалары жақсарғанын көріп отырмыз. Жарыстарға қатысқанда өзіне сын көзбен қарайтын болды. Ұтылса қателерін санайды. Қазір тіпті әкесі не атасымен ойнағанда ұтылмайтын мықты қарсылас атанды.

Баланың жетілу шағында оңашадан көрі ортада жүріп өскені жақсы,- дейді мамандар. Осы ретте ойлы ойын әлеміне қадам басқан Жәңгірдің де өзіндік жетістіктері бар.

Жәңгір Төлеген,  шахматтан қалалық жарыстардың жеңімпазы:

Мен шахматқа ойымды көбейту үшін келдім. Математикадан қалалық олимпиадаға қатыстым. 3-орын алдым. Мен шахматта көп жаңа достар таптым.

Сөз басына оралсақ, норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен жеңісі үшін 550 мың еуро алды. Бүгінгі курспен алғанда 199 650 000 теңге. Ал негізі шахматтың кәсіпкер боламын дегенге де берері мол,- дейді шахмат мектебінің директоры. 

Рауан Макеев, «Интеллектуал» шахмат мектебінің директоры:

Кейбір задачкалар болады 8 жүрісті алдыға есептейтін. Ол 8 жүріс алдыға есептеу ғана емес, әр жүрістен кейін өзгеріп кететін направлениялары бар. Жүздеген варианттар. Ол қабілет өмірде де өте пайдалы болады. Бизнесте болсын, басқада болсын. 

Шымкент қаласындағы орталық саябақ ішінде орналасқан шахмат клубы кеңес заманынан жұмыс істейді. Арасында 76 жасқа келген Нұрғали Ақаев те бар. Әлемнің біраз елінде электромеханик болып қызмет еткен қарияның айтуынша, зейнетке шыққалы аптасына 3 мәрте осы жерде ойлау қабілетіне жаттығу жасайды. Қызметте табысты, әрі алдыңғы қатарлы білікті маман болуыма осы шахмат әсер етті,-  дейді. 

Нұрғали Ақаев, әуесқой шахматшы:

Осы шахмат сіздің ойыңызда болып жатқан тірліктердің бәрін ақтап, анықтап шығарады. Бұл деген осы жерде ойнай салып, кете салмайсың ғой, есіңде салып қояды. Кез келгеннің ойына ол түсе бермейді. Сондықтан мен айтамын, бәрің шахмат ойнаңдар.  

Айбек Қосан, тілші:

Бір партия кейде 4-5 сағатқа созылады, кейде тіпті 10 сағат тапжылмай ойнайтын қарсыластар болады. Бұл сабырлық, салқынқандылық, ұстамдылық пен ұшқыр ойға қатар тәрбиелейтін бірегей спорт түрі емес пе? Ал 7 рет өлшеп, бір рет кесетін мінез қалыптастыруға ықпалдасатыны шуылдақтық пен лепірмелікті азайтар...

Айбек Қосан, Ришат Асқарбекұлы, Айзада Төребекқызы, Еркін Қарин, Ерасыл Құрманғалиев, «Біздің уақыт».